Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпарат алаңында Сұлутөр ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму барысы тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Тікелей эфирде Сұлутөр ауылдық округінің әкімі Нұрлан Байсал 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді.
Әкімнің айтуынша, Сұлутөр ауылдық округінің құрамына Сұлутөр және Көктөбе ауылдары кіреді. Бүгінде округте 1298 тұрғын, 250 аула бар. Елді мекендерде 1 орта мектеп, 1 негізгі мектеп, жеке балабақша, фельдшерлік-акушерлік пункт, мәдениет үйі, Көктөбе ауылдық клубы, ветеринарлық пункт және дүкен халыққа қызмет көрсетеді.
Әлеуметтік қолдау бағытында жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға мемлекеттік көмек көрсетілді. Атап айтқанда, онкологиялық дертке шалдыққан екі тұрғынға жалпы 196,6 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілген. Сонымен қатар ауылдың белсенді азаматтары көпбалалы және жалғызбасты аналарға жалпы сомасы 1 миллион теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетті.
Білім беру саласында әлеуметтік қолдауға басымдық беріліп, округ бойынша 65 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Денсаулық сақтау саласында халыққа бір фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет көрсетеді. Алты ай ішінде округте бес сәби дүниеге келген.
Сонымен қатар қоғамдық келісім кеңесі, ардагерлер кеңесі және ауыл тұрғындарының қатысуымен төрт кездесу ұйымдастырылып, қоғамдық келісім, ұлтаралық татулық, жастар тәрбиесі мен отбасы құндылықтары мәселелері талқыланды.
Ауыл шаруашылығы – округ экономикасының негізгі салаларының бірі. Жалпы жер көлемі 66 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 4634,4 гектары егістік, 44 543,2 гектары жайылым. Биылғы жылдың алты айында 1471 гектар жерге жаздық арпа, 1525 гектарға көпжылдық шөп егілді.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Табиғи газбен қамту деңгейі жалпы округ бойынша 99 пайызға жеткен. Сұлутөр ауылында газбен қамту көрсеткіші – 90 пайыз болса, Көктөбе ауылында бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды.
Ауыз су мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Биыл жүйені күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Қазіргі уақытта жоба қаржыландыруды күтуде.
Бюджет кірістерінің орындалуы да оң нәтиже көрсетті.
Экологиялық бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 0,88 гектар жерге 550-ден астам қарағаш, 500 терек, 6 шырша және 14 түп туя отырғызылды. Бұдан бөлек, 135-ке жуық ағаш бұталып, 35 қураған ағаш кесілді.
Қоғамдық қауіпсіздік саласында да оң көрсеткіш сақталған. 2026 жылдың алғашқы алты айында округ аумағында қылмыстық іс тіркелмеген.
Биыл бюджет қаражаты есебінен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Сұлутөр ауылындағы көшелерді ағымдағы күтіп ұстауға 13,4 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Көктөбе ауылында 8,8 млн теңгеге стрит-воркаут алаңы және 13 млн теңгеден астам қаржыға балалар ойын алаңы орнатылды.
Баспасөз конференциясында ауыл әкімі Нұрлан Байсал алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.