Жамбыл облысының прокуроры Жандос Әбдібаев Қордай ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар аудандық прокуратурадан басталып, онда облыс прокуроры ұжыммен танысып, ведомствоның материалдық-техникалық базасы мен жұмыс барысы туралы ақпарат алды. Облыс прокурорына Қордай ауданының прокуроры Қайыржан Қуатбеков жұмыс бағыттары мен атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады.
Облыс прокуроры Қордай ауданына жасаған жұмыс сапарында Қарасай батыр ауылында салынып жатқан су құбыры құрылысының барысымен танысты. Құрылыс алаңында аудан әкімі Бегзат Болатбеков жоба жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Аталған жоба прокуратура органдары мемлекетке қайтарған заңсыз иемденілген активтер есебінен қаржыландырылуда. Жалпы, қайтарылған қаражаттың есебінен Жамбыл облысында денсаулық сақтау және ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға 20 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. Айта кетейік, осы қаражаттың есебінен Қордай ауданында Үлкен Сұлутөр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұған дейін 1960 жылы салынған ескі ғимаратта медициналық қызмет алып келген Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр және Көктөбе ауылдарының тұрғындары бүгінде заманауи медициналық нысанда ем қабылдауда. Нәтижесінде 2800-ден астам ауыл тұрғыны аудан орталығына бармай-ақ сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.
Қарасай батыр ауылындағы су құбыры құрылысы да – осы игі бастаманың заңды жалғасы. Қазіргі таңда ауылда жаңа су құбыры желілері тартылуда. Жобаның мердігері – «ЭнергоСтройЭксперт» ЖШС. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 2 миллиард 391 миллион 550 мың теңгені құрайды. Жоба толық аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етіліп, елді мекеннің инженерлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл – мемлекетке қайтарылған активтердің нақты әлеуметтік жобаларға бағытталып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға қызмет етіп жатқанын көрсететін айқын мысал.
Сапар аясында Жандос Әбдібаев өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірі – «KORCEM» ЖШС-нің жұмысымен танысып, ұжыммен кездесті. Кездесуде облыс прокуроры инвесторлардың құқықтарын қорғау прокуратура қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі талаптарын, өндірістік және экологиялық нормаларды қатаң сақтау қажеттігіне тоқталды.
Облыс прокуроры «Қордай» өткізу пунктіне барып, шекара және бақылаушы органдардың жұмысымен танысты. Мұнда құқық бұзушылықтардың алдын алу, бақылау тетіктерін жетілдіру және кедендік рәсімдердің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Сапар соңында облыс прокуроры Қордай аудандық полиция бөліміне барып, материалдық-техникалық базамен және қызмет барысымен танысты. Қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар талқыланып, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Шолпан САБАНОВА