Отаны ортақтың діттеген мұраты да бір болса керек-ті. «Кемедегінің жаны бір» дегендей-ақ, Қазақстанды өз үйіне балап өмір сүріп жатқан көптеген өзге ұлт өкілдері жергілікті ұлтпен біте-қайнасып, тұрмыс еткендіктен де тілі басқа болса да тілегі бір, түрі басқа болса да жүрегі бір.
Қордай ауданының Сортөбе ауылында дүниеге келген Рамиль Эрва – қазақ пен дүнген ұлттарының татулығының, бірлігі мен өзара түсіністігінің жарқын үлгісі. Ұлты дүнген болса да, жаны қазаққа тән ол бала кезінен бастап қазақтың дәстүрін бойына сіңіріп өсті. Ол қазақ тілін еркін меңгеріп қана қоймай, қазақтың ұлттық әндері мен тағамдарын ерекше құрметтейді. Бұл – оны осы қазақстандық көпұлтты қоғамның толыққанды мүшесіне айналдыратын рухани алтын көпір.
Рамиль үшін ұлттық ерекшелік маңызды болғанымен, ол өзін «ұлты – дүнген, ал жаным – қазақ» дейді. Қазақ пен дүнген халықтарының арасында ғасырлар бойғы қарым-қатынастың, ортақ тарих пен мәдениет бөлісудің арқасында туындаған ерекше сүйіспеншілік пен достық байланыс бар екенін Рамильдің өмірі айғақтайды. Отбасы мен қоғамда этникалық әртүрліліктің бірлікті нығайтудағы орны ерекше. Отбасы оның өміріндегі ең қымбат ұғым. Ерлі-зайыпты Рамиль мен Малика өздерінің ортақ ұлы Нуралидің қазақ тілінде еркін сөйлейтінін алға тартады. Малика – бастауыш сынып мұғалімі, ол қазақ тілін, дәстүрін ұрпақ тәрбиесінде жан-жақты қолданады. Осылайша, ұрпақтар арасы да бірліктің, келісімнің, ортақ мәдени құндылықтар мен тілдің арқасында нығая түсуде. Рамильдің сөзімен айтқанда, қазақ пен дүнген – түбі бір мұсылман, ортақ діні оларды рухани жақындастырып, өзара түсіністіктің негізін қалайды.
Рамиль өз елін «үй» деп санайды, сол үйдің шаңырағы биік, керегесі кең болғанын бірге тілейді. Ол үшін еліміздің өркениет биігінен көрінуі, бейбітшілігі мен татулығы – жеке өмірінің ғана емес, балалардың да болашағы үшін маңызды. Еліміздің бірлігі мен тұрақтылығы – бұл ұрпақтарға осындай ортада еркін, бақытты өмір сүру мүмкіндігі.
Бұл құбылыс – Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы оң үлгі. Әр ұлттың салт-дәстүрін құрметтеп, өзара түсіністік пен достықты насихаттау арқылы ғана қазақстандық қоғам берік, мықты болады. Кейіпкеріміз сияқты азаматтар еліміздің келешегін түгендеп, ұлттар арасындағы татулық пен бірліктің алтын көпірін құруда маңызды рөл атқарады. Қазақ пен дүнгеннің ортақ тілегі – бейбіт өмір, даму мен өркендеу.