Мемлекеттік тіл – тәуелсіз мемлекеттің басты белгілерінің бірі, халықтың рухани байлығы мен ұлттық болмысының айқын көрінісі. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында бекітілген.
Тіл – ұлттың жаны, мәдениеті мен тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін ең маңызды құндылық. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қазақ тілін дамыту арқылы ұлттық құндылықтарды сақтап, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға болады.
Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Қазақ тілі білім беру, мемлекеттік басқару, сот жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары, ғылым және цифрлық технология салаларында белсенді қолданылуда. Мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, тіл үйренуге қолайлы жағдайлар жасалуда.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілді дамыту тек заң талаптарын орындаумен шектелмейді. Ол – әр азаматтың туған тіліне деген құрметінен, күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлеуге деген ниетінен басталады. Отбасында, білім беру ұйымдарында және еңбек ұжымдарында мемлекеттік тілді қолдану оның дамуына зор үлес қосады.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елімізде түрлі этнос өкілдері татулық пен өзара сыйластықта өмір сүреді. Осындай ортада мемлекеттік тіл қоғамды біріктіретін маңызды фактор болып табылады. Мемлекеттік тілді білу – азаматтардың өзара түсіністігін арттырып, елдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің тірегі, ұлттық бірегейліктің негізі және болашаққа бастар маңызды құндылық. Мемлекеттік тілді құрметтеу, оны дамыту және күнделікті өмірде кеңінен қолдану – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Тіліміздің мәртебесі биік болып, қолданылу аясы кеңейе берсін!
А.Қайыпқұл, Қордай аудандық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы