Вакцинация арқылы кеселдің алдын алуға болатынын халық жақсы ұға білді. Өйткені, бүгінде ауру жұқтыру көрсеткіші әлдеқайда төмендеген. Осы профилактика жұмыстары арқылы өңіріміз жасыл аймаққа өтіп, қазіргі таңда көптеген шаралар мен жиындарға да рұқсат етілді.
Мұның бәрі екпе жұмыстарының арқасы. Ал, сол кездері екпені алуға рұқсат етілмеген жандар санаты болды. Яғни, балаларға, жүкті әйелдерге және емізулі аналарға екпе салуға тиым салынғаны рас. Бүгінде мемлекет осы санаттағы жандар үшін арнайы шет елдік екпені алдырып, қазіргі таңда ол елімізге жетті.
Шет елдік, әмбебап Pfizer вакцинасының елімізге жеткізілгені туралы осыған дейін айтылған болатын. Бұл вакцинаның мүмкіндігі және кімдерге салынады, сол турасында арнайы насихат тобы құрылып, аталмыш топ үш бағытта ауданымыздың көптеген елді-мекендерінде болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әуелі Әлжан ана ауылына табан тіреген топ мүшелері онда ата-аналармен кездесті. Топ құрамында аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Айдын Байбеков, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Заурбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Совет Жасыбаев, АОА эпидемиолог дәрігері Жұлдыз Жарқымбаевалар тұрғындарға екпе туралы ақпаратты қарапайым тілмен жеткізе білді. Олардың айтуынша бүгінде елімізге Pfizer вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізілген. АҚШ елінде шығарылған вакцина тек үкімет бекітіп берген санаттағы жандарға ғана салынатын болады. Яғни, жоғарыда айтып өткен 12-18 жастағы балаларға, 16 аптадан асқан жүкті әйелдерге және 42 күннен асқан емізулі аналарға. Басқа тұрғындарға салуға рұқсат етілмеген. Әлемнің әр түкпірі мойындаған бұл екпені алу үшін арнайы қос тараптан келісім жасалынған. Сондай-ақ, бұл екпе тек ерікті түрде алынатын болады. Онда алдымен ата-ананың рұқсат қағазы сұралады.
-Бұл басқа екпе секілді біздің қолымызда сақталып тұрған жоқ. Оның өз сақталу қағидасы бар. Оны сақтауға еліміздің үлкен қалаларында ғана мүмкіндік бар. Біз тек қана қажетті екпенің санын айтып тапсырыс беріп алдырамыз. Тек ата-ананың рұқсатымен ғана салынатын болады, — дейді Айдын Байбеков.
Екпе алу үшін алдымен тізім бекітіледі. Салдыруға ниетті ата-аналар рұқсат қағазын толтырғаннан кейін барып ол бала тізімге ілінеді. Жүкті әйелдер мен емізулі аналар да дәл осылай тізіммен салынады. Тізім бойынша ғана вакцина ауданға жеткізіледі. Ниет білдіруші ешқайда жол жүріп әуре болмайды. Балаларға мектепте арнайы медициналық кабинет берілген. Ал, қалған екі санаттағы жандар ауылдық амбулаториядан еш қиындықсыз ала алады. Ең бастысы тізімге тіркелсе болғаны. Аталмыш топ мүшелері осы күні Степной, Жамбыл, Бетқайнар, Қақпатас және Сарыбұлақ ауылдарында болып, ондағы тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олардан түскен сұрақтар легі де аз болмады. Алайда, екпенің құрамымен таныстырып өткен Жұлдыз Жарқымбаева әр сауалға толыққанды жауап беріп отырды. Әуелде қарсылық таныта білген тұрғындар екпенің құрамы мен шығу тегіне және әсері мен пайдасы жайлы мәліметтерге қанық бола білген соң ниеттілер қатарына өтетіндерін жасырмады. Дәл осындай түсіндірме жұмыстары осы күні ауданның барлық ауылдарында өтті. Ол ауылдарда да арнайы топ құрылып, мамандар вакцинаның сапасы турасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ниет білдіргендер тізімі жасалған күннен бастап аталмыш Pfizer вакцинасы ауданымызға жететін болады.
PFIZER вакцинасы туралы түсініктеме
Next Post