СӨРЕДЕН БАСТАЛҒАН ТАРИХ

0

Бүгінде дүкенге кіріп, қажетті тауарды бірнеше минуттың ішінде сатып алу – үйреншікті жағдай. Алайда Қордай ауданындағы сауда саласының бүгінгі деңгейге жетуі ұзақ жылдарға созылған еңбектің, ізденістің және жүйелі дамудың нәтижесі.

Қордайдағы сауда тарихы өткен ғасырдың алғашқы жартысынан бастау алады. Кеңес өкіметіне дейін халыққа сауда қызметін негізінен жеке кәсіпкерлер көрсетіп, шағын ларектерде күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік пен тұрмыстық бұйымдарды саудалаған.

1931 жылы ауданда аудандық тұтыну қоғамы құрылып, оның алғашқы басқарма төрағасы болып Шакиров тағайындалды. Бұл аудан саудасының ұйымдасқан жүйеге көшуіне жол ашқан тарихи қадам болды. Алғашқы сауда орны Георгиевка ауылында, Шу өзені көпірі маңындағы базар жанынан ашылды.

Көп ұзамай аудан көлемінде Қарақоңыз, Успеновка, Черная речка ауылдық тұтыну қоғамдары мен Қасық және Шу құрылысшыларының кооперативтері жұмысын бастады. Кейін Шу құрылыс кооперативінің орнына Цемент зауыты жұмысшыларының кооперативі құрылды.

1938 жылы Георгиевка ауылдық тұтынушылар қоғамы (сельпо) ұйымдастырылып, Георгиевка мен Ырғайты ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетті. Оның қарамағында тоғыз дүкен болды, оның бесеуі аудан орталығында орналасты.

1937 жылдан бастап аудандық тұтыну қоғамын Зинченко басқарды. Ол кезеңде дүкендерге тауарлар ат арбамен жеткізіліп, елді мекендерге таратылатын. Соған қарамастан халық қажетті тауарлармен үздіксіз қамтамасыз етіліп отырды.

1946 жылы аудан орталығында небәрі үш ларек пен сегіз дүкен ғана жұмыс істеді. Олардың басым бөлігі қамыспен жабылған, соқпа кірпіштен тұрғызылған қарапайым ғимараттар болатын. Жалпы аудан бойынша 29 сауда орны халыққа қызмет көрсетті.

Уақыт өте келе ауданның сауда жүйесі қарқынды дами бастады. 1960-жылдардың соңына қарай ескі ларектердің орнына заман талабына сай сәулетті дүкендер бой көтерді. Аудан орталығында әмбебап дүкен мен кітап дүкені ашылып, Успеновка, Михайловка, Ырғайты және Черная речка ауылдарында жаңа үлгідегі сауда нысандары пайдалануға берілді.

Сол кезеңде қызмет көрсету мәдениеті де жаңа деңгейге көтерілді. 1965 жылы аудан бойынша жан басына шаққандағы бөлшек сауда көлемі 65 пайызға өсті. Сауда қызметкерлері шалғайдағы жайлаулар мен қыстауларда еңбек еткен малшыларды күнделікті қажетті тауарлармен қамтамасыз етті. Аңырақай жайлауындағы Райсай елді мекенінде қалалық үлгідегі дүкен салынды. Ал аудан бойынша 11 автодүкен елді мекендерді аралап, көшпелі сауда қызметін ұйымдастырды.

Сауда саласының дамуымен бірге мамандардың кәсіби біліктілігі де артты. Егер 1950 жылы ауданда арнайы сауда мамандары мүлде болмаған болса, 1969 жылға қарай товароведтер, экономистер мен бухгалтерлерден құралған жүздеген маман еңбек етті. Үздік қызметкерлердің есімдері Құрмет кітаптарына енгізіліп, көптеген мамандар «Кеңестік тұтыну кооперациясының үздігі» атағымен және басқа да мемлекеттік марапаттармен наградталды.

Қордай ауданындағы сауда саласының тарихы – аудан экономикасының қалыптасу жолын, халықтың тұрмыс-тіршілігін және бірнеше буын сауда қызметкерлерінің адал еңбегін айқын көрсететін шежіре. Бүгінгі заманауи сауда орталықтары мен дүкендердің негізінде сол жылдары еңбек еткен жандардың маңдай тері мен қажырлы еңбегі жатыр. Өткенді тану – бүгінгі жетістіктің қадірін түсінудің ең сенімді жолы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.