Әрбір ата-ана үшін ең қымбат құндылық – баласының саулығы мен бақытты күлкісі. Кәдімгі емдеу әдістерін қолдануды қажет еткен жағдайда, заманауи реабилитация технологиялары көмегіне жүгінеміз. Солардың ішіндегі ең тиімдісі болып ат міну арқылы емдеу – иппотерапия саналады.
Енді бұл мүмкіндік Қордай ауданы тұрғындарына да қолжетімді болды. Жомарт кәсіпкер Бауыржан Әбдікерімовтың бастамасымен ауданымызда иппотерапия орталығы ашылып, реабилитацияға мұқтаж балаларды қабылдай бастады.
Иппотерапияның әлемнің көптеген елдерінде тиімділігі дәлелденген. Ат үстінде қозғалған кезде бұлшықеттер белсенді жұмыс істейді, қимыл үйлесімділігі дамиды, дененің тепе-теңдігін сақтау қабілеті жақсарады, жүйке жүйесі нығаяды. Атпен қарым-қатынас баланың эмоциялық жағдайына жағымды әсер беріп, қорқыныштарын жеңуге, өзін-өзі сенімді сезінуге және қоғамға бейімделуге көмектеседі.
Бұл емдеу әдісі әсіресе балалар церебральды сал ауруы (ДЦП), аутизм спектрінің бұзылыстары, Дауна синдромы, қозғалыс аппараты мен жүйке жүйесі аурулары бар балаларға, сондай-ақ түрлі ауыру мен жарақаттардан кейін оңалту кезеңінде пациенттерге ұсынылады.
Жобаны бастаған кәсіпкердің айтуынша, орталық ашу идеясы иппотерапия курсын алу үшін басқа қалаларға баруға мәжбүр болған отбасылармен әңгімеден кейін туған.
«Біз қордайлық балаларға жоғары сапалы оңалтуды үйге жақын жағдайда алу мүмкіндігін жасағымыз келеді. Әр ата-ана ірі қалаларға үнемі бара алмайды, сондықтан өз ауданымызда осындай жағдай жасауға шешім қабылдадық. Әрбір бала толыққанды дамып, жаңа мүмкіндіктерге ие болып, бақытты балалық шаққа қол жеткізуі біз үшін маңызды. Егер орталығымыз бір баланың алғашқы сенімді қадамын жасауы немесе атпен қарым-қатынас қуанышын сезінуіне сеп болса, онда еңбек еткеніміздің мәні болады», — дейді Бауыржан Әбдікерімов.
Иппотерапия орталығының ашылуы аудан үшін маңызды оқиға. Бұл жай ғана жаңа әлеуметтік нысан емес, балалардың денсаулығын нығайтып, қабілеттерін ашуға және толыққанды өмірге сенімді қадам жасауға мүмкіндік беретін орын.
Осындай бастамалардың арқасында Қордай ауданында бақытты балалық күлкілердің саны артып, ерекше тәрбиені қажет ететін әрбір отбасы қиындықпен жалғыз қалмайтынына сенім артамыз.
Шолпан САБАНОВА