«Ел болашағы – жалынды жастар»

0

Қордай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мекемесінің 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында, сондай-ақ, Халықаралық Жастар күніне орай Қаракемер және Отар ауылдық округтерінде фестиваль өткізілді.

Осыдан жиырма жыл бұрын құрылған «Жастар ресурстық орталығы» бүгінгі таңда ауданның ең басты жастар саясатын жүзеге асыратын мекемелерінің бірі ретінде танылып, өз қызметін абыроймен атқаруда. Фестиваль ашық аспан астында өткізіліп, қатысқан аудан жастары өз өнерлерін жан-жақты көрсетті. Ән айтып, би билеп, өзінің шығармашылық қабілеттерін паш етті. Сонымен бірге, жиналған жастар арасында спорттық және зияткерлік сайыстар ұйымдастырылды. Ауданның ең белсенді, білімді жастары түрлі спорттық жарыстар мен интеллектуалдық ойындарда сынға түсті. Бұл жарыстар жастардың физикалық жетістіктерін ғана емес, сондай-ақ олардың логикалық ойлау қабілетін де арттыруға бағытталған маңызды шара болды. Жарыс барысында жас спортшылар өз шеберліктерін көрсете білді. Интеллектуалдық ойындарда қатысушылар жан-жақты білімімен, зеректігімен көзге түсті Мұндай белсенділік жастардың тәрбиесі мен дамуына оң ықпал етіп, олардың қоғамға деген жауапкершілік сезімін арттыра түседі.

Іс-шарада аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директоры Айқаныш Исраилова сөз сөйлеп, жастарды қолдауға бағытталған ерекшеліктер мен бағдарламалар туралы әңгімеледі. Ол түрлі салаларда табысты еңбек етіп жүрген белсенді жастарды марапаттап, олардың жетістіктерін жоғары бағалады. Орталық директоры алдағы уақытта да жастардың дамуы мен кәсіби өсуіне қолдау көрсетілетінін, олардың қоғамдағы орнын нығайтуға бар күш жұмсалатындығын атап өтті. Сонымен қатар, ол жастарға еңбек жолында, білім алуында және шығармашылық қырларын ашуда табандылық пен сәттілік тіледі.

Фестиваль жалпы алғанда өз мақсатына толықтай жетті. Бұл жастар үшін тек өнер көрсету ғана емес, сонымен қатар, жаңа достар табуға, ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік болды. Мұндай мәдени және спорттық шаралар жастардың өзін-өзі тануына, қоғамға тиімді үлес қосуына серпін береді. «Ел болашағы – жалынды жастар» атты бұл фестиваль жастардың бастамалары мен энергиясын қолдауға бағытталған.

Жастардың шығармашылық қабілеттері мен жетістіктері ауданның болашағына деген сенімді нығайтады. Мұндай дәстүрлі мерекелеу форматы болашақта да жалғасып, жастарға деген қолдау мен ынталандыруды одан әрі жетілдіретіні сөзсіз. Бұл фестиваль жастарға тек демалыс пен көңіл көтеру емес, сонымен қатар өздерін дамытып, жаңа белестерді бағындыру үшін үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Жастарға арналған мұндай іс-шаралар легі жалғаса берсін деп тілейміз.

Әділет Құттыбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.