Белсенді жастар марапатталды

0

Қордай аудандық мемлекеттік архивінің мәжіліс залында Халықаралық жастар күніне және «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты жиын кең көлемде ұйымдастырылды. Бұл шара аудан өміріндегі жастардың рөлін одан әрі көтеруге бағытталған маңызды бастама ретінде өткізілді.

Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл аудан басшысы Бегзат Болатбековтың атынан қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, құттықтау хатын табыстады. Ол өз сөзінде қазіргі таңда ауданның дамуы мен өркендеуіне белсенді түрде атсалысып жатқан жастардың маңыздылығына ерекше тоқталды. «Ел болашағы – жастардың қолында» деген ұлы дана сөздің маңыздылығын атап, жастарға деген қолдаудың қоғамдағы негізгі міндет екендігін жеткізді. Жастардың әрқашан әлеуметтік-экономикалық және мәдени салада қанаттарын кеңге жайып, өз әлеуетін толық аша алуына мемлекет пен қоғам тарапынан қажетті жағдайлар жасалуы тиіс екеніне назар аударды.

Сонымен қатар, мерекелік шара барысында ауданның қоғамдық және мәдени өміріне өз үлесін қосып жүрген белсенді жастар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұл – жастардың еңбегі мен талпынысын бағалаудың айқын көрінісі.

Салтанатты жиында жастар ресурстық орталығының директоры Айқаныш Исрайлова ұйымдастырушы ретінде сөз сөйлеп, бұл мерекенің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол жастардың қоғам дамуына қосып отырған ерекше үлесін атап, орталықтың 20 жылдық белсенді қызметі аясында жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Орталық басшысы жастарға сенім артып, олардың барлық бастамаларына қолдау көрсету – ортақ мақсат екенін ерекше айтты.

Келесі кезекте, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Фариза Қорабай сөз алып, жастар саясатының аудан өміріндегі рөлін атап өтті. Ол жастардың қоғамдық іс-шараларға, әлеуметтік бағдарламаларға белсенді қатысуы – аудан дамуының негізі екенін жеткізді. Фариза Советқызы жастарды әрқашан жан-жақты дамуға шақырып, олардың келешегіне сенім білдірді.

Аудандық полиция бөлімінің өкілі Анастасия Басова өз сөзінде жастардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды. Ол жастарды төл мерекелерімен құттықтай отырып, саналы әрі жауапты азамат болуға үндеу жасады. Степной ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Жомарт Тынышбек мәдени-шығармашылық бағыттағы жастардың жетістіктерін атап өтіп, олардың шығармашылығын қолдаудың маңыздылығын айтты. Ол мәдени іс-шаралар арқылы жастардың өзін-өзі танытуына, рухани дүниесінің байып өсуіне жағдай жасау – басты міндет екенін бөлісті. Ал, аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы директорының орынбасары Төлеген Қыдырбек жастардың дүниетанымы мен қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстар туралы сөз қозғады. Ол жастардың шығармашылығына, білімге деген ықыласы мен талпынысын қолдап, оларды үлкен жетістіктерге жетуге шақырды. Барлық қатысушылар өз сөздерінде жастарды қолдау – қоғамның ортақ ісі екенін, олардың мүмкіндіктерін кеңейту арқылы ғана ауданның жарқын болашағына жетуге болатынын баса айтты. Шара соңында жастар бір-бірімен ой, пікірлерімен бөлісіп, өзекті ұсыныстарын ортаға салды.

Шараның еркін форматта өтуі қатысушыларға өз ойлары мен ұсыныстарын ашық ортада білдіруге мүмкіндік туғызды. Әр саладан жиналған белсенді жастарының пікірлері тыңдалып, олардың ұсыныстары алдағы уақытта жүзеге асырылатын тың жобалар мен бағдарламаларға негіз болары сөзсіз. Қордай ауданында жастардың дамуы мен қолдауы саласында осындай мәнді іс-шаралардың жиі өтіп тұруы, болашақта да осы бағыттағы жұмыстардың жемісті жалғасатынын көрсетеді.

Әділет Құттыбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.