4–12 тамыз күндері аралығында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Тараз қаласы мен облыстың барлық аудандарында аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған біліктілікті арттыруға бағытталған оқу семинарлары өткізілді.
Оқыту-семинарларына Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, қалалық/аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, қала/аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық/аудандық прокуратура өкілі, қалалық/аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, қала/аудан әкімдігінің бөлімшелерінің басшылары, аумақтық сайлау комиссиялары жанынан құрылған жас сайлаушылар клубтарының мүшелері, комиссия мүшелеріне қаралған резервтік құрам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Оқыту бағдарламасы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бекітілген оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылып, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, сайлау заңнамасын тәжірибеде тиімді қолдануға және электоралдық процесті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін меңгеруге арналды.
Қазіргі таңда сайлау жүйесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету – мемлекеттің демократиялық дамуындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстың сапасы ең алдымен сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығына байланысты. Сондықтан олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнамадағы өзгерістерді меңгеруі және практикалық деңгейлерін жетілдіру – жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан маңызды жұмыстардың бірі.
Осы мақсатта ұйымдастырылған оқыту курсы Жамбыл облысының барлық аудандары мен Тараз қаласын қамтып, өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен өтті. Оқу семинарының бағдарламасы теориялық білім мен тәжірибелік сабақтарды ұштастырған кешенді форматта ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру, сайлау заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру, құқықтық нормаларды тәжірибеде тиімді қолдану және сайлау процесін ұйымдастырудың барлық кезеңдерінде бірыңғай тәжірибені қалыптастыру болды.
Оқу семинарлары барысында қатысушылар алдымен кіріспе тестілеуден өтіп, бастапқы білім деңгейлерін анықтады. Кейін оқу бағдарламасына сәйкес негізгі дәрістер тыңдалды.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов «Сайлау заңнамасындағы өзекті өзгерістер мен жаңалықтар» тақырыбында баяндама жасап, Конституциялық заңға енгізілген өзгерістердің мазмұнын, олардың тәжірибеде қолданылу ерекшеліктерін және сайлау комиссиялары жұмысына әсерін жан-жақты түсіндірді.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Әбілқайыр Боранбаев сайлау процесін ұйымдастырудың инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі, материалдық-техникалық дайындық және мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше тоқталды. Бұл тақырып аясында сайлау учаскелерінің қолжетімділігі, инклюзивті орта қалыптастыру және әрбір азаматтың конституциялық құқығын толық іске асыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Комиссия мүшесі Мерей Амангелді сайлауалды үгіт жүргізудің құқықтық тәртібі, электоралдық кезеңдегі ақпараттық сүйемелдеу мәселелері жөнінде дәріс оқыды. Қатысушылар әлеуметтік желілердегі ақпарат тарату ерекшеліктері, үгіт жүргізудің заңды тетіктері және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Сайлау күні байқаушылармен, кандидаттардың сенім білдірілген адамдарымен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жұмыс жүргізудің құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелері жөнінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейржан Сембеков баяндама жасап, нақты тәжірибеде кездесетін жағдайларға негізделген мысалдар келтірді.
Комиссия мүшесі Еркін Жапаров сайлау процесінде орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтар, олар үшін көзделген жауапкершілік және құқықтық тәуекелдердің алдын-алу мәселелерін кеңінен түсіндірді.
Сайлау науқандарын қаржыландыру жөнінде комиссия мүшесі Әсел Қадырбекова дәріс оқып, сайлау қорларын қалыптастыру, қаржылық есептілік жүргізу, заң талаптарын сақтау және қаржылық ашықтық қағидаттары туралы баяндады.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов дауыс беру тәртібі, бюллетеньдермен жұмыс, дауыс санау рәсімдері және сайлау қорытындыларын анықтау мәселелеріне тоқталды. Қатысушылар нақты жағдайларға негізделген практикалық тапсырмаларды орындап, өз тәжірибелерін жетілдірді.
Семинар бағдарламасының басты ерекшелігі – дәрістердің практикалық тапсырмалармен қатар өткізілуі болды. Әрбір тақырыптан кейін қатысушылар нақты өмірде кездесуі мүмкін жағдайларды талдап, құқықтық шешім қабылдау жолдарын қарастырды.
Оқыту барысында интерактивті пікірталастар, топтық жұмыстар, практикумдар және өңірлік тәжірибе алмасу форматтары қолданылды. Бұл тәсілдер қатысушылардың белсенділігін арттырып, білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді.
Бағдарлама аясында ұйымдастырылған «Kahoot» платформасы арқылы интеллектуалдық топтық сайыс қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Интерактивті форматтағы бұл жарыс тыңдаушылардың оқу барысында алған білімдерін бекітіп, командалық жұмыс дағдыларын дамытуға әсер етті.
Семинар соңында барлық қатысушылар қорытынды тестілеуден өтіп, оқу барысында меңгерген білімдерін бағалады.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар қатысушылардан кері байланыс алып, оқу бағдарламасының тиімділігіне талдау жасады.
Оқуды сәтті аяқтаған барлық қатысушыларға белгіленген үлгідегі электрондық сертификаттар табысталды.
Сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін жүйелі түрде арттыру – еліміздегі демократиялық институттарды нығайтудың, заң үстемдігін қамтамасыз етудің және азаматтардың сайлау құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі.
Облыс көлемінде өткізілген бұл семинарлар құқықтық білімді жетілдірумен қатар, тәжірибені дамытуға, сайлау комиссиялары қызметінің сапасын арттыруға және барлық деңгейдегі сайлау науқандарын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Семинар барысында қатысушылар заңнаманы тәжірибеде қолданудың жаңа тәсілдерін меңгеріп, өңірлерде жинақталған үздік тәжірибелермен танысты. Бұл өз кезегінде комиссия мүшелерінің кәсіби жауапкершілігін арттырып, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың тиімділігін күшейтеді.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы алдағы уақытта да сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын тұрақты түрде жалғастыратын болады.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы