Аудан спортшылары марапатталды

0

Елімізде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде спорттың дамуына және спортшылардың жетістіктерін дәріптеуге арналған ерекше мереке – Спорт күні атап өтіледі. Бұл күн қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауды арттыруға, дене тәрбиесін және спортты қолдаудың маңыздылығын көрсетуге бағытталған түрлі спорттық іс-шаралардың негізі.

Осы себептен, аудандық жасыл саябақта Қазақстан Республикасының Спорт күні мерекесіне орай шара өтті. Кәсіби мереке қарсаңында спорт саласында көп жылдар бойы аянбай еңбек етіп, спортты дамытуға зор үлес қосқан аудандық жетекші спортшылар мен ардагерлер арнайы марапатқа ие болды. Марапаттау рәсіміне аудандық спорт бөлімінің басшысы Сейітқали Солтанай мен аудандық мәслихат депутаты Қатира Уалиева қатысты. Олар спортшыларды жылы лебізбен құттықтап, спорттың адам өміріндегі орны мен маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінде спорт пен дене шынықтыруды дамыту – бұл тек денсаулықты нығайту ғана емес, ұлттық рухты көтеріп, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудің маңызды кеңістігі. Спорт – халықтың бірлігін нығайтып, жас буынның бойына табандылық пен тәртіпті сіңіреді. Біз осындай мерекелер арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, жас ұрпақты рухани және физикалық жағынан өсіргіміз келеді. Спорт саласында елеулі еңбегі бар әрбір азаматқа ризашылығымыз шексіз», – деген спорт бөлімінің басшысы аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтау тілегін жеткізді.

Келесі сөз аудандық мәслихат депутаты Қатира Уалиеваға ұсынылды.

«Сіздер – біздің ауданымыздың мақтанышы әрі азаматтық борышын артқан жандарсыздар. Спорт арқылы жас ұрпаққа ерлік пен төзімділік үлгісін көрсетіп, еліміздің келешегіне жарқын бағдар беріп жатырсыздар. Дене тәрбиесі мен спортты дамыту мемлекеттің стратегиялық бағытының бірі болғандықтан, бұған деген қолдау мен ынта арта бермек. Баршаңызды Спорт күні мерекесімен құттықтаймын, шығармашылық табыс пен денсаулық тілеймін!», — деді ол.

Шара барысында жас спортшылар мен спорт саласының ардагерлеріне аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының және спорт бөлімі басшысының арнайы «Алғыс» хаттары мен сый-сияпаттары табыс етілді. Бұл марапаттар – спорт саласына сіңірілген еңбекті бағалау, әрі қарай да жаңа белестерді бағындыруға деген қолдау мен ынталандыру.

Спорт күніне орай ұйымдастырылған шарада ұлттық ойындар да көрініс тапты. Қатысушылар асық пен садақ ату сайыстарына белсенді қатысты. Ұлттық ойын асықта шеберлік пен дәлдік көрініс алса, садақ атудан жарыс мыңдаған жылдар бойы қазақ халқының дәстүрінде келе жатқан өнердің жаңғыруы ретінде ерекше қызық болды. Бұл іс-шара спорттың тек денсаулықты нығайту ғана емес, сонымен бірге халықтың мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрінде дамытуға септігін тигізетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.