САНДЫҚТАН ШЫҚҚАН ҚАЗЫНА

0

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік  университетінің Құрметті профессоры, Қордай ауданының Құрметті азаматы Асқарбек Сейілханның есімі жерлестеріне  бек мәлім. Ол осы ауданның киелі тауы – Әулиешоқы баурайындағы Керуде туып өскен,   балалық шағын өткізіп,  білім алған. Мектептен соң  арман қуып  Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы өнер институтының  драма  және кино актері бөліміне түскен. Т.Жаманқұлов,  Д.Жолжақсынов, М.Өтекешева, Қ.Демесінов тәрізді қазіргі сахна мен киноның мықтыларымен бірге оқыған.

Асқарбектің өзі де осал емес. Институттан соң Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы театрға актер болып қабылданып, тағдырлары әртүрлі талай бір соқталы кейіпкерлерді сомдады. «Түнгі сарында» — Жантас, «Қарагөзде» — Нарша,  «Ақан серіде» — Жалмұхан, «Король Лирде» — Эдмунд т.б. рөлдері жас актердің өнердегі жолын ашты. Республикалық «Шабыт» фестивалінің лауреаты болып, 1990 жылы «Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген артист» атағын алды. 1995 жылдан бастап Жамбыл облыстық қазақ драма театрында, облыстық телеарнада  қызмет етті. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Өнер және мәдениет» кафедрасында оқытушы, «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ҚХА облыстық ақсақалдар алқасы кеңесінің төрағасы да болған.   Асекеңнің тағы бір қыры, жан қалауы — журналистік мамандық еді. Айналасындағы айтулы өнер адамдары, осы саланың  өткір проблемалары туралы қалам тартқан мақалалары мен ой-толғамдары баспасөзде жиі жарияланып тұрды, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанды. Өткен жылы А.Сейілханның балалық шағынан тартып, студенттік және қызметтік кезеңін, оның ішінде Халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы жазбалары кең қамтылған «Шерханның шекпенінен шықпасам да…» деген кітабы жарық көріп, оны оқырмандар жылы қабылдаған болатын.

Енді міне, Алматыдағы «Үш Қиян» баспасынан «Керуден шыққан керуен» деген келесі кітабы жарық көріп отыр. Автор бұл кітаптың тұсаукесерін Қаракемердегі әулеттің қара шаңырағында ең жақын туыстарының ортасында өткізді. Олай болатыны, бұл  әдеби шығарма емес,  Асекеңнің балдәурен балалық шағының естеліктері, ең бастысы – өткен жылы ғана туғанына жүз жыл толуы атап өтілген майдангер әкесі Ақылша Сейілханов пен анасы Нұргүл  Құсайынқызы туралы кітап. Осы жинақтың  шығуына   осыдан отыз жылдан аса бұрын әкесі дүниеден  қайтқан соң заттарын жинастырып, ретке келтіріп жатқанда сандықтың түбінен табылған сарғайған  екі қалың  дәптер себеп болған екен. Ол әкесінің  соғысқа аттанар алдында бастап  жазған күнделіктері мен өлеңдері болып шықты. Бұл  жазбалар қағазға түскен кезде Асқарбек әлі өмірге келмеген де болатын.  Ондағы криллица, латын, тіпті, ара-тұра арабшасы  да бар жазулардың кей жерлері  уақыт табымен көмескіленіп, өшуге айналған.  Соларды көз майын тауысып оқып, қайта көшіріп ретке келтіруге тура келген.

— «Осы тәптерде менің 1942 ж. 26 август күнінен бастап басымнан өткен азды-көпті  қиынчылықтар мен ойын-күлкі мен өткен күндердегі болған оқиғалар жазылған» – деп басталатын  осыдан  85 жыл бұрынғы жазбаның әр бетінде, әр әрпінде әкеміздің көңіл-күйі, жүрек дүрсілі, көрген-білгені, бозбала кезгі аңсаған армандары мен мақсаттары сайрап жатыр, бұл біз үшін баға жетпес қазына,  — дейді  автор. — Уақыт өте келе соларды негізге ала отырып осы естелік кітапты кейінгі ұрпаққа аманаттап қалдыру керек деп шештік. Кітапта өзімнің  түсініктеме, естеліктеріммен қатар, туған бауырларымның  да ата-анасына деген сағыныш сезімдері, бала күндерін еске алған  жүрекжарды жазбалары, майдангер күнделігінің фотокөшірмелері мен көптеген тарихи суреттер   берілді.

Кітаптың «Керуден шыққан керуен» аталуы — соғыстан жеңіспен оралған жас сарбаздың алғашқы еңбек жолы осы шағын ауылда басталған екен. Колхоз бөлімшесінің  есепшісі, бригадир болды. Үйленді, оншақты бала өсірді. Міне, сол балалары бүгінде есейіп, өздері бала өсіріп қанатын кеңге жая түсті. Сөйтіп, майдангердің   Керуден басталған керуені болашаққа    жол тартып барады.

Тұсаукесер  күні  Асқарбек Ақылшаұлы алдымен бала-шағасын, туған бауырларын ертіп өздерінің  балалық шағы өткен Әулие шоқы баурайына барып, туған жердің төсінде аунап-қунап, аруақтар рухына құран бағыштап қайтты.  Ағайын туыс, көрші-қолаң жиылып кітапқа құтты болсын айтып, жасы үлкендерден майдангердің інісі Әбікен аға, қызы Әуесхан апа бата беріп,  естеліктерімен бөлісті.

Құрманбек  Әлімжан,                                                                                         

ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.