– Айдос… Айдо-о-ос! Мені тыңдашы…
Телефонмен жұмыс жөнінде әлдекіммен сөйлесіп отырған Айдос селқос қана басын көтеріп, «тыңдап тұрмын» дегендей ишара жасады.
Әлия оның жүзіне бір сәт қарап тұрды. Көзіндегі үрейді жасыра алмады.
– Айдос, осы… Санжарды мамандарға көрсетсек қайтеді?
– Не үшін? Не болып қалыпты? – деді ол телефоннан көз алмай.
– Мүлде атына қарамайды. Айтқанымды тыңдамайды. Біртүрлі қимылдар жасайды…
Айдос ауыр күрсінді.
– Әй, Әлия, қойшы енді. Бала ғой. Оның үстіне әлі кішкентай. Еркелігі басым екенін өзің де білесің. Өткенде дәрігерге апардық қой. «Бәрі жақсы» деген жоқ па?
– Біз тек педиатрға ғана бардық. Басқа мамандарға да көріну керек сияқты. Инстаграмнан да…
– Қойшы сол инстаграмыңды! Елдің бәрін тыңдай бересің. Не көрінгенді оқып алып, өзіңді де, мені де қорқытасың. Екі-ақ жастағы бала емес пе?
– Екі жаста емес, екі жарымға келді. Бұл жастағы балалардың қандай болатынын жақсы білемін. Айкөш бұл жасында мүлде басқаша еді…
Айдос қабағын түйіп алды да, сөзді созбастан келесі бөлмеге кіріп кетті. Телефонмен сөйлесуін жалғастырды.
Әлия үнсіз ғана төргі бөлмеге өтті.
Санжар еденде отыр екен. Кеше ғана сатып әперген кішкентай ойыншық машиналарын бірінің артына бірін тізіп қойған. Басқа ештеңеге назар аудармай, қабырғадағы бір нүктеге қадала қарап отыр.
– Санжар… Санжа-а-ар…
Бала селт етпеді.
– Жаным сол… Маған қарашы. Мә, машиналарың…
Ешқандай жауап жоқ.
Әлия оның қасына жайлап отырып, иығынан сипады.
– Мама де… Бір-ақ рет айтшы… «Мама» де…
Санжар анасына бұрылмады.
Кенет екі қолын қанатша қағып, орнынан тұрып айнала бастады.
Бір айналды.
Екі айналды.
Үш…
Тоқтар емес.
Әлия орнынан атып тұрды.
– Санжар… Балам… Болды…
Бірақ бала ештеңе естімегендей айнала берді. Біраздан кейін басы айналып кеткендей теңселіп барып, бөлменің бұрышына құлап түсті.
Жыламады.
Орнынан да тұрмады.
Әлияның жүрегі шым ете қалды. Не істерін білмей, мең-зең болып отырып қалды.
Сол сәтте сыртқы есік тарс жабылды.
Айдос жұмысқа кетіп қалған екен.
Содан кейінгі апта Әлия үшін ең ұзақ апта болды. Санжар түнде дұрыс ұйықтамайтынды шығарды. Біресе жылайды.
Біресе үйдің ішінде ары-бері жүре береді. Біресе себепсіз күледі.
Ал таң қылаң бере ғана қалжырап барып ұйықтайды.
Онымен бірге Әлия да көз іле алмайтын.
Соңғы кездері әлеуметтік желі ашса болды, алдынан бірдей жарнамалар шығатын.
*«Егер балаңыз көзіңізге қарамаса…»
*«Егер саусағымен ештеңені көрсетпесе…»
*«Егер ойыншықтарды тізіп ойнаса…»
*«Егер сөйлеуі кешіксе…»
«Онда біздің орталыққа келіңіз…»
Әлия әр жарнаманы көрген сайын жүрегі зырқ ете қалатын. Телефонды жауып тастайды. Бірақ аздан соң қайта ашып, тағы оқиды.
Тағы іздейді.
Тағы қорқады.
Бір күні кешке ол Санжардың алдына тағы отырды.
– Санжар…
Бала алыстағы белгісіз бір әлемге қарап отырғандай еді.
– Балам… Маған қарашы…
Үн жоқ.
Әлия оның кішкентай қолын алақанына алды.
– Бір рет қарашы…
Түнгі он екілер шамасы.
Үйдің іші тыныштала бастаған. Айнұр әлдеқашан ұйықтап кеткен. Айдос та ертеңгі жұмысты ойлап, ерте жатуға қамданып жүрген.
Кенет төргі бөлмеден баланың сыңғырлаған күлкісі естілді.
– Әлия, Санжар оянып кетті ме? – деді Айдос.
– Иә… Бірақ…
Әлияның дауысы дірілдеп шықты.
Екеуі бөлмеге қатар кірді.
Санжар төсегінің үстінде отырған екен. Ешкімге қарамайды. Көзқарасы бір нүктеге қадалған. Бірақ тоқтаусыз күліп отыр.
Алғашында бұл күлкі ата-анасына еркелік сияқты көрінді.
Бірақ арада бірнеше минут өтті.
Күлкі әлі басылар емес.
Керісінше, барған сайын күшейіп барады.
Ешқандай себеп жоқ.
Ешкіммен ойнап отырған жоқ.
Біреуге қарап күлмейді.
Тек өз әлемінде отырғандай, ештеңені сезбей күле береді.
Айдостың өңі қашып кетті.
– Санжар…
Бала естіген жоқ.
– Балам…
Тағы үнсіз.
Әлия жанына барып, құшағына алмақ болды.
– Жаным, болды… Ұйықтайық…
Бірақ Санжар анасын итеріп жібергендей болып, күлкісін тоқтатпады.
Бұл енді баланың шат күлкісіне ұқсамайтын.
Бос…
Мағынасыз…
Түсініксіз күлкі.
Он жасар Айнұр да бөлмесінің есігін ашып шықты.
– Әке… Санжарға не болды?
Ешкім жауап бере алмады.
Кенет…
Күлкі бір сәтте сап тыйылды.
Сол-ақ екен, Санжар жерге етпетінен құлап, домалап, бар дауысымен шыңғырып жылай бастады.
– Санжар!
Айдос баласын көтеріп алды.
Бірақ ол әкесінің қолында бұлқынып, айқайын тоқтатпады.
Әлия көз жасын тыя алмай тұр.
Не істерін білмейді.
Жарты сағатқа жуық уақыт өткенде ғана Санжардың даусы бәсеңдеді.
Әкесінің иығына басын қойып, әлсіреген күйі қалғып кетті.
Үйдің іші қайтадан тынышталғанымен, бұл тыныштық бұрынғыдай емес еді.
Екеуі де таң атқанша көз ілмеді.
Таңертең олар ештеңені кейінге қалдырмауға шешім қабылдады.
Бұл жолы ешқандай сылтау болмайтын.
Ешқандай «өзі өсіп кетеді» деген жұбату да қалмаған еді.
Поликлиникада дәрігер Санжарды ұзақ бақылап отырды.
Бала болса, айналасындағы адамдарға назар аударған жоқ.
Үстел үстіндегі түрлі-түсті қарындаштарды алып, қайта-қайта қатарлап орналастырып отырды.
Дәрігер бірнеше сұрақ қойды.
– Атымен шақырғанда қарай ма?
– Кейде… Көбіне қарамайды…
– Саусағымен бір нәрсені көрсетеді ме?
Әлия үнсіз басын шайқады.
– Сөйлей ме?
– Жоқ… Кейбір дыбыстарды ғана шығарады.
– Басқа балалармен ойнай ма?
– Жоқ…
Дәрігер қағазына әлденелерді түртіп жазды.
Бөлмеде ауыр үнсіздік орнады.
Сәлден кейін ол басын көтерді.
– Сіздерге балалар неврологына және балалар психиатрына қаралу қажет. Сонымен қатар психологтың бағалауы керек болады.
Әлияның жүрегі шым ете қалды.
– Бірдеңе дұрыс емес пе?
Дәрігер бірден нақты жауап бермеді.
– Әзірге ештеңе айта алмаймын. Бірақ уақыт жоғалтпаңыздар.
Екі күннен кейін олар балаларды дамыту орталығында отырды.
Бұл жолы қабылдау ұзаққа созылды.
Санжар түрлі тапсырмаларды орындады.
Мамандар оны бақылап отырды.
Бір-бірімен ақырын сөйлесті.
Әлия олардың әрбір көзқарасынан жауап іздеп отырды.
Соңында дәрігер қағаздарын жинап қойып, ата-анасына қарады.
– Бізде әзірге алдын ала қорытынды бар…
Айдос еріксіз жұдырығын түйіп алды.
– Қандай қорытынды?
– Балаңызда аутизм спектрінің бұзылысына тән белгілер байқалады.
Бөлме іші тып-тыныш болып кетті.
Әлия дәрігердің кейін не айтқанын анық естіген жоқ.
Құлағында бір ғана сөз жаңғырып тұрды.
Аутизм…
Осы уақытқа дейін бұл сөзді анда-санда ғана еститін.
Бірақ оның мәніне ешқашан үңіліп көрмеген.
Енді сол бір ғана сөз олардың бүкіл өмірін екіге бөліп тұрғандай еді.
Бұрынғы өмір.
Және бүгіннен кейінгі өмір.
Үйге қайтқан жол үнсіз өтті.
Көлікті Айдос жүргізіп келеді. Көзі жолда болғанымен, ойы мүлде басқа жақта.
Әлия терезеден сыртқа қарап отыр. Қала тіршілігі бұрынғыдай емес, бәрі күңгірт тартқандай көрінді.
Екеуінің де құлағында бір ғана сөз жаңғырып тұрды.
«Аутизм спектрінің бұзылысы…»
Үйге кірген соң ешқайсысы сөйлеген жоқ.
Санжар ғана өзіне таныс ойыншығын алып, бұрынғы әдетінше машиналарын қатарлап тізе бастады.
Әлия үнсіз асүйге өтті.
Сол күні кешке екеуі интернеттен ақпарат іздей бастады.
Бір сайттан екіншісіне өтті. Бір мақаланы оқып үлгермей, келесісіне кірді.
Бір дәрігердің айтқаны екіншісіне қайшы келеді.
Біреуі: – Ерте басталған түзету жұмыстары жақсы нәтиже береді, – дейді.
Екіншісі:
– Бұл өмір бойы сақталатын ерекшелік, – деп жазады.
Форумдарда біреулер үміт сыйлайды. Енді біреулер керісінше қорқытады.
Әлия телефонды қоя салды.
– Айдос… Біз не істейміз?
Айдос жауап бере алмады. Өмірінде алғаш рет өзін дәрменсіз сезінді.
Ол өмір де, жұмысында да талай қиындықты шешкен еді.
Ал өз баласына келгенде қолынан ештеңе келмейтіндей көрінді.
Келесі аптадан бастап олардың өмірі түбегейлі өзгерді.
Енді күн сайын жаңа мекенжай.
Жаңа дәрігер.
Жаңа кеңес.
Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация.
Түзету кабинеті.
Логопед.
Дефектолог.
Балалар психологы.
Сенсорлық интеграция кабинеті.
Бұрын өмірлерінде сирек еститін осы сөздер енді күнделікті тіршілігінің бір бөлігіне айналды.
Аптаның қай күні қай маманға баратынын жаттап алған.
Әлия арнайы дәптер бастап, Санжардың әрбір жетістігін, әрбір өзгерісін жазып жүрді.
Бір күні логопед сабақ үстінде:
– Бүгін ол менің айтқанымды қайталауға тырысты, – деді.
Әлияның жүзіне алғаш рет үміт ұялағандай болды.
– Шынымен бе?
– Иә. Әлі анық емес. Бірақ бұл – жақсы белгі.
Сол күннен бастап анасы әр кеш сайын Санжармен сөйлесуді әдетке айналдырды.
Ертегі оқиды.
Ән айтады.
Суреттерді көрсетеді.
Әр сөзді асықпай, анық қайталайды.
– Мынау кім?
– Мама.
– Айтшы…
– Ма… ма…
Санжар үндемейді.
Бірақ бұрынғыдай орнынан тұрып кетпейді.
Бұл да алға басқан бір қадам еді.
Бір кеште Санжар сүйікті мультфильмін көріп отырды.
Әлия асүйден жай ғана дауыстады.
– Санжар…
Еш жауап жоқ.
– Санжа-а-ар…
Кенет бала жалт бұрылды.
Әлия аң-таң болып қатып қалды.
Бүгін ол алғаш рет анасының дауысына анық назар аударған еді.
– Балам…
Санжар бірнеше секунд бойы анасына қарап тұрды.
Әлияның көзінен жас ыршып кетті.
Ол жүгіріп барып, баласын құшағына қысты.
– Жаным… Маған қарадың ғой…
Санжар ештеңе демеді.
Бірақ бұл жолы анасын итермеді.
Құшағында тыныш қана тұрды.
Сол үнсіз құшақтың өзі Әлия үшін бүкіл әлеммен тең еді.
Ол баласының шашынан сипап тұрып, сыбырлай берді.
– Мама де… Бір-ақ рет айтшы… «Мама» де…
Санжар үндемеді.
Бірақ кішкентай саусақтарымен анасының иығынан ақырын ұстап тұрды.
Әлия үшін бұл да сөзден артық еді.
Ол баласының өз әлемінен сыртқа қарай кішкентай болса да қадам жасап келе жатқанын сезді.
Ал олардың алдында әлі талай сабақ, талай ем, талай сынақ күтіп тұрғанын да жақсы білді.
Бірақ енді олар жалғыз емес еді.
Оларда үміт бар еді.
Ал үміт бар жерде күрес ешқашан тоқтамайды.
Жандос ОМАРОВ