ҚАРЖЫ САЛАСЫНДА ӨЗГЕРІС КӨП

0

Сәрсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес отырысы өтті. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Отырыс барысында аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Найманхан Әбдірашев баяндама жасап, аудан бюджетінің өткен жылғы кірісі мен шығысын түгендеп, биылғы жылғы бюджетті де назарға ұсынды. Сонымен қатар, бөлім басшысы қаржы саласындағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді баяндап, сатып алу конкурстарын ұйымдастыру үшін оған қажетті құжаттардың дер кезінде қаржы бөліміне жолдануы қажеттігін атап өтті. Осы ретте, ауылдық округ әкімдері мемлекеттік сатып алу ісіндегі бірқатар проблемаларды айтып, оларды шешу жолдарын сұрастырды. Найманхан Әбдірашев бұл туралы түсіндіріп өтсе, аудан әкімі бірқатар ескертулерін де айтты.
Жиында ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрболат Сатымқұл 2021 жылы бөлімнің атқарған жұмыстары жайында есеп берді. Оның айтуынша, өткен жылы бөлімнің ұйымдастыруымен ауқымды 15 қоғамдық-саяси, мәдени іс-шара өткізіліп, оған 20 мыңға жуық адам қамтылды. Олардың ішінде мемлекеттік мерекелер мен кәсіби мерекелерді атап өтуге болады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын насихаттау жұмысы да тиісті деңгейде атқарылған. Арнайы құрылған аудандық мобильдік топ өкілдері халықпен 57 кездесу өткізіп, оған 2280-ге жуық адам қатысыпты. Сонымен қатар, бөлім басшысы БАҚ беттерінде жарияланған материалдарды, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі комиссияның жұмысын, діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің және дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының жұмысын, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын, гендерлік саясат және тағы басқа да атқарылған жұмыстарды тізіп берді. Осымен бірге Нұрболат Сатымқұл бөлім жұмысына қатысты бірқатар проблемалық мәселелерді де көтерді.
Аппараттық кеңесте көктемгі әскерге шақыру науқаны және бірнеше елді мекендегі өзекті мәселелер жайында да әңгіме қозғалды. Барлық мәселелер талқыланып, аудан әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.