Күз – диқан қауымы үшін жылдың ең жауапты әрі еңбегі еселенетін шағы. Көктемде жерге дән сіңіріп, жаз бойы маңдай терін төккен шаруаның нәтижесі дәл осы мезгілде таразыға түседі. Дала төсін дүбірге бөлеген комбайндар мен техникалардың тынымсыз қозғалысы – ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бір жылдық еңбегінің жемісін жинайтын берекелі кезеңнің келгенін аңғартады.
Қордай ауданында биылғы ауыл шаруашылығы маусымы жүйелі ұйымдастырылып, күзгі дала жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Шаруалар үшін басты міндет – өсірілген өнімді ысырапсыз жинап, қамбаға құйып, қысқы мал азығын жеткілікті көлемде дайындау. Осы бағыттағы жұмыстар бүгінде ауданның ауылдық округтерінде қарқын алып, егіс алқаптарында қызу тіршілік жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы – табиғаттың мінезіне тікелей тәуелді, жауапкершілігі мол сала. Сондықтан әрбір гектардың өнімі, әрбір жиналған тонна – елдің ырыс-несібесі. Қордайлық диқандар да осындай үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, жиын-терім науқанын ұйымшылдықпен атқаруда.
Мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін сапалы әрі жеткілікті көлемде мал азығын дайындаудың маңызы зор. Осыған байланысты ауданда биыл мал азығын әзірлеу жұмыстарына ерекше мән берілді.
Аудан бойынша мал азығын дайындау мақсатында жалпы 36 276 гектар жер шабуға белгіленген. Оның ішінде 23 877 гектар – көп жылдық шөп, 3 066 гектар – бір жылдық шөп, 9 012 гектар – табиғи шабындық және 322 гектар – сүрлемдік жүгері алқабы.
Бүгінгі күнге көп жылдық шөптің бірінші, екінші және үшінші орымдары толық орылып, бір жылдық шөптің 3 066 гектары және табиғи шабындықтың 9 012 гектары толығымен шабылып, жиналды.
Мал азығын дайындауда белгіленген жоспардың орындалуы да көңіл қуантады. Аудан бойынша 356 мың тонна шөп дайындау жоспарланса, нақты дайындалғаны 367 мың тоннаға жетіп, жоспар 103,1 пайызға орындалған.
Сондай-ақ пішендеме жоспары 18,5 мың тонна болса, нақты дайындалғаны 19,8 мың тонна, яғни жоспар 105,9 пайызға орындалды.
Сабан дайындау бойынша да көрсеткіш жоғары. Жоспарланған 75 мың тонна сабанның орнына 76,9 мың тонна дайындалып, межелі көрсеткіш 102,5 пайызға жеткізілді.
Мал азығының маңызды түрінің бірі – жем. Бұл бағытта да жоспар артығымен орындалған. Жоспар бойынша 49 мың тонна жем дайындау көзделсе, бүгінгі күнге 51,7 мың тонна әзірленіп, көрсеткіш 105,6 пайызды құрады.
Бұл сандардың әрқайсысының артында тынымсыз еңбек, уақытпен санаспай жұмыс істеген механизаторлар мен шаруалардың маңдай тері жатыр. Қыс қамын жаздан ойлаған шаруалар мал қыстату науқанына қажетті жем-шөп қорын қалыптастыруды уақытылы ұйымдастырып, маңызды міндеттің үдесінен шығып отыр.
Қазір аудандағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алдында тұрған негізгі жұмыстардың бірі – сүрлем дайындау. Аудан бойынша жоспары 24 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге оның 9,4 мың тоннасы дайындалып, жоспардың 39,3 пайызы орындалды.
Сүрлем дайындау жұмыстары әлі де жалғасуда.
Күзгі жиын-терім жұмыстарының ең қызу кезеңі – егін жинау науқаны. Биыл аудан шаруалары картоп пен көкөніс алқаптарындағы өнімді жинауға кірісіп, бірқатар нәтижеге қол жеткізіп отыр.
Ауданда 3 017 гектар картоп алқабы жиналуға тиіс болса, бүгінгі күнге оның 2 628 гектары алынып, өнім қоймаға жиналды. Бұл жалпы жоспардың 87,1 пайызы.
Жиналған картоп көлемі 63 072 тоннаны құрап отыр. Орташа өнімділік гектарына 240 центнерден айналуда. Бұл – жердің құнарын тиімді пайдаланып, агротехникалық шараларды дұрыс жүргізудің нәтижесі.
Күзгі науқанның тағы бір маңызды бағыты – көкөніс жинау. Аудан бойынша жалпы 4 892 гектар көкөніс алқабы жиналуы қажет болса, қазіргі таңда оның 3 255 гектары жиналып үлгерді. Жиналған көкөністің жалпы көлемі 94 492 тоннаны құрап отыр. Орташа өнімділік гектарына 290,3 центнер шамасында.
Көкөніс дақылдарының ішінде қырыққабат, сәбіз және басты пияздың үлесі басым.
Қырыққабат бойынша 163 гектар алқаптың 151 гектары жиналып, өнімділігі гектарына 288,0 центнерді құрады. Жалпы 4 349 тонна өнім алынды. Бұл бағыттағы жұмыстардың орындалу деңгейі 92,6 пайызға жетті.
Сәбіз алқаптарында да жинау жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған 152 гектардың 104 гектары жиналып, гектарына орта есеппен 300 центнерден өнім алынған. Жалпы жиналған өнім көлемі 3 120 тонна, орындалу деңгейі 68,4 пайыз.
Ал басты пияз бойынша аудан шаруалары 3 072 гектар алқаптан өнім жинауы тиіс. Қазіргі таңда оның 1 530 гектары жиналып, жоспардың 49,8 пайызы орындалды. Гектарынан орта есеппен 315 центнерден өнім алынып, бүгінгі күнге 48 195 тонна басты пияз қамбаға түсті.
Бұл көрсеткіштер ауданның көкөніс шаруашылығының әлеуеті жоғары екенін аңғартады. Ең бастысы – өсірілген өнімді ысырапсыз жинап, оны сақтауға, өткізуге және тұтынушыға уақытылы жеткізуге мүмкіндік жасау.
Егіс даласында еңбек дүбірі басылғанша, соңғы өнім қамбаға құйылғанша, шаруаның маңдай тері ақталғанша жұмыс жалғаса береді. Алтын күздің әр күні – берекенің бір белесі. Қордайлық диқандардың бүгінгі еңбегі – ертеңгі тоқшылықтың, молшылықтың және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының берік негізі.
Дайындаған Ж.Омаров