БОКС ӘЛЕМІНІҢ ӘДЕМІ ӨКІЛІ

0

Қазіргі қоғамда өмір салтының өзгеруі бұрыннан қалыптасқан стереотиптердің де біртіндеп жойылуына жол ашып келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын бокс тек ер-азаматтарға тән спорт түрі деген түсінік басым болса, бүгінде рингке қыздар да батыл шығып, өздерінің жігері мен қайсарлығын, күш-қуатының жынысқа емес, мінез бен еңбекке байланысты екенін дәлелдеп жүр.

 

Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылының тумасы Розалия Вайдеман – қалыптасқан түсінікке қарамай, өз жолын таңдаған сондай спортшылардың бірі. Ол боксқа небәрі тоғыз жасында келіп, содан бері бұл спорт оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.

Бүгінде спортшының артында талай жаттығу, жарыс және маңызды тәжірибе бар. Рингте жинаған әрбір тәжірибе оған өмірде де қажет болатын сабақ беріп келеді. Алайда оның спорттағы алғашқы қадамы бүгінгі жетістіктерінен мүлде өзгеше еді.

Розалияның боксқа келуіне ең алдымен әпкесі себеп болған. Өйткені оның әпкесі де осы спорт түрімен айналысқан. Ол кішкентай Розалияға үлгі болып, қарындасының қызығушылығын оятқан.

— Мен әпкеме ұқсағым келді. Сондықтан мен де боксқа қатысып көрейін деп шештім, – деп еске алады спортшы.

Алғашқы жаттығу Розалияның есінде ұзақ сақталды. Бәрі таңсық әрі толқынысты көрінді. Спортшының өзі де қорыққанын жасырмайды. Алайда қорқыныш оның алға ұмтылуына кедергі бола алмады.

Алғашқы жарысына ол 14 жасында қатысты. Ол кезде толқыныс ерекше күшті болған. Өйткені жаттығу залында дайындалу бір бөлек те, ал рингке шығып, қарсыласыңмен бетпе-бет келу, төрешілер мен көрермендердің алдында өнер көрсету – мүлде басқа дүние.

Сол сәтте Розалия спорттың шынайы мәнін түсіне бастаған болар. Себебі жеңіске жету үшін тек қарсыласыңды жеңу жеткіліксіз. Ең алдымен өзіңді, бойыңдағы қорқыныш пен толқуды жеңе білуің қажет.

Спортшының алғашқы бапкері Төребек Амиров болды. Білікті жаттықтырушының жетекшілігімен Розалия техникасын жетілдіріп, дене дайындығын шыңдап қана қоймай, мінезі мен спорттық төзімділігін де қалыптастырды.

— Менің күнім оқуымнан басталады. Қазір Тараз инновациялық колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығында білім алып жатырмын. Болашағымды да спортпен байланыстырамын деп шештім. Мен үшін бокс – жай ғана әуестік немесе уақытша айналысатын спорт емес. Бірте-бірте ол менің өмір салтыма айналды, – дейді Розалия.

Оқу мен жаттығуды, жарыстарды қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен спортшының айтуынша, дәл осы тәртіп пен жауапкершілік адам мінезін қалыптастырып, алға қарай қадам басуға мүмкіндік береді.

Розалияның әрбір жарысына ата-анасы алаңдап отырады. Өйткені қыздарының рингке әр шығуы – олар үшін үлкен толғаныс. Дегенмен ата-ананың уайымымен бірге мақтанышы да бар. Олар қызының сүйікті ісіне қаншама күш жұмсап, спорттық шеберлігін біртіндеп шыңдап келе жатқанын көріп отыр.

Жас спортшы үшін үлкен сынақтардың бірі – Ташкентте өткен Азия чемпионаты болды. Сол жарыста ол жапониялық спортшымен қолғап түйістірді. Жекпе-жек оңай болған жоқ.

Розалияның айтуынша, жеңіске жетуге мүмкіндігі болған. Алайда шешуші сәтте өзін толық жинақтай алмады.

— Жеңіске жетуге мүмкіндік болды. Бірақ дер кезінде өзімді жинай алмадым, – дейді спортшы.

Алайда бұл сөздерден өкініштен гөрі тәжірибеге деген байыпты көзқарас аңғарылады. Өйткені спорт – тек медаль мен жеңістен тұрмайды. Кейде жеңілістің өзі спортшыға көп нәрсе үйретіп, өзіне жаңаша қарауға және алдағы уақытта қай тұсына көбірек көңіл бөлу керектігін түсінуге мүмкіндік береді.

Ендігі мақсат – жастар санатына ауысу. Бұл кезеңде бәсеке де күшейе түседі. Қарсыластар тәжірибелі, ал спортшыларға қойылатын талап жоғары болады. Бірақ Розалия өзгерістен қорықпайды.

Өйткені ол бір кездері алғашқы жаттығудан да қорыққан. Кейін алғашқы жарысқа шыққанда да толқыған. Үлкен рингке алғаш көтерілгенде де жүрегі қобалжыған. Бірақ әр жолы ол өзіне бір қадам алға басуға мүмкіндік берді.

Бәлкім, оның спорттағы жолының басты сабағы да осында шығар. Қорқыныш әрдайым тоқтау керек дегенді білдірмейді. Кейде ол алдыңда маңызды бір белестің тұрғанын ғана көрсетеді.

Розалия Вайдеманның спорттағы мақсаты бүгінде туған ауылының шеңберінен әлдеқайда асып түсті. Ол жаттығуын жалғастырып, білім алып, жаңа жеңістерді армандауда.

Ал ринг, белгілі болғандай, әлсіздікті кешірмейді. Бірақ ол жеңілістен кейін қайта тұрып, қорытынды шығарып, алға қайта ұмтылғандарды ерекше құрметтейді.

Розалия да спорттың басты қағидасын түсінген секілді: жеңімпаз – ешқашан қорықпайтын адам емес, қорқыныштың өзіне үстемдік етуіне жол бермейтін адам.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.