Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл жүргізді. Отырыстың жұмысына комиссия мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, мешіт имамдары, сондай-ақ дін проблемаларын зертеу орталығының өкілдері қатысты.
Кеңес отырысында бірнеше өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Біріншіден, мешіт имамдарына мемлекеттік тілді үйрету және жұма намазының өткізу тәртібін жетілдіру бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы мәселе қамтылды. Осы тақырыпты Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлы егжей-тегжейлі баяндап, имамдарға мемлекеттік тілді меңгерту арқылы діни насихаттың халыққа тиімді әрі түсінікті жеткізілуі маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, жұма намазының ұйымдастырылуы мен өткізу тәртібінің стандарттарына сай жүзеге асырылуы үшін қабылданған шаралар туралы ақпарат берілді.
Келесі мәселе ретінде жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында жүргізген жұмыстар баяндалды. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айқаныш Исраилова жастар арасында радикалды идеологиялардың таралуына кедергі болу мақсатында ұйымдастырылған семинарлар, тренингтер және түсіндіру жұмыстарын атап өтті. Жалпы алғанда, қауіптің алдын алу үшін әлеуметтік желілер мен қоғамдық орындарда ақпараттық науқандар белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Үшінші мәселе ретінде ауданның білім беру мекемелерінде жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастыру жолдары қаралды. Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Қуанышбек Нұрғалиев баяндамасында мектептер мен колледждерде діни мәдениет пен төзімділік негіздерін оқыту бағдарламаларын енгізу, арнайы курстар мен дәрістер ұйымдастыру арқылы жас ұрпақтың діни сауатын арттыру қажеттігін атап айтты. Сонымен қатар, әлеуметтік кеңістікте жастардың дұрыс діни көзқарасты қалыптастыруы үшін білім беру мекемелері мен дін қызметкерлерінің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ету талқыланды.
Төртінші күн тәртібіндегі маңызды мәселе – деструктивтік діни ағымдарда жүрген азаматтарды оңалту. Дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Тоты Есқұлова осындай ағымдарға ілескен тұлғаларды қоғамға қайта бейімдеу, олардың әлеуметтік, психологиялық және рухани қолдауға мұқтаждығын атап көрсетіп, оңалту бағдарламаларын жүзеге асырудағы ұсыныстарын жеткізді. Бұл бағытта түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыс жолдары қарастырылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде оңалту жұмыстарының маңыздылығы баса айтылды.
Отырыстың қорытындысында қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, хаттамаға енгізілді. Діни бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас орнату, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру және экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар одан әрі жандана түсетін болады.