«ӘКЕ, АНА ЖӘНЕ МЕН – СПОРТШЫМЫЗ ШЕТІНЕН»

0

Қордай ауданының орталығындағы спорттық сауықтыру кешенінде отбасы күніне арналған мерекелік шара өтті. Бұл шара отбасылардың бірлігін нығайту, олардың арасындағы сүйіспеншілік пен құрметті арттыру мақсатында өткізілді.

 

Әлемнің барлық түкпірінде отбасы – ең басты құндылықтардың бірі ретінде қабылданып, оның беріктігі мен ынтымақтастығы әрқашан ерекше бағаланатыны белгілі. Міне, осы атаулы күнді тұспалдай отырып, Қордай ауданының спорт кешенінде жас отбасылар арасында эстафеталық жарыс ұйымдастырылып, оның мәні мен мағынасы кеңінен паш етілді. Шараға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ләззат Мінісқұлова, мансап орталығы филиалының директоры Саламат Көпешов, аудандық спорт бөлімінің басшысы Сейітқали Солтанай, сондай-ақ спорт кешендерінің басшылары мен жас отбасы мүшелері қатысты. Жиналғандар спорттың адам өміріндегі денсаулық пен ынтымақтастықты қолдау рөлін ерекше атап өтіп, осындай сәттер отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, бір-біріне деген құрметті арттыратынын жеткізді.

«Бүгін осынау спорттық жарысқа келген әрбір отбасы – шынайы жеңімпаздар. Сіздер денсаулығыңызды күтіп, отбасылық ынтымақтастық пен бірлік жолында үлкен қадам жасап отырсыздар. Спорт – тек денені шынықтырып қана қоймай, жан мен рухты көтеріп, отбасының берекесін арттыра түседі. Баршаңызды отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!»,-деді Ләззат Доғдырбекқызы шараның ашылуында.

Эстафеталық жарыс түрлі кезеңдерді қамтыды: қаппен секіру, арқан тарту, және тағы бірнеше спорттық сындар. Бұл кезеңдер қатысушылардың төзімділігі мен ерік-жігерін сынап, әр отбасының спортқа деген ынтасын, бірлік пен топтық рухын көрсетті. Әр отбасы мүшелері бір-біріне қолдау көрсетіп, командалық түрде жеңіске ұмтылды. Бұл спорттық шара –отбасылық құндылықтарды спорт арқылы насихаттау ғана емес, сонымен қатар жастарды, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға арналып өткізілген маңызды іс-шара.

Жарыс соңында әділ қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мұндай шаралар алдағы уақытта да дәстүрге айналып, аудан тұрғындарының өміріне қуаныш пен бірлік алып келетіндігіне сенім мол.

Әділет САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.