Қордай ауданының полиция қызметкерлері ағымдағы жылдың 1–10 қыркүйек аралығында «Мотокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тиісті жұмыстар атқарды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мотоцикл, мопед, электрлі көлік құралдары мен өзге де мотокөлік жүргізушілері арасында жол қозғалысы ережелерін сақтауын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Полиция қызметкерлері мотокөлік құралдарының тіркелуін, мемлекеттік нөмірінің болуын, қажетті құжаттарын, жүргізушінің көлік басқару құқығын және техникалық жағдайын тексерді.
Сонымен қатар, жүргізушілерге жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтау, мотошлем пайдалану және көлік құралдарын белгіленген тәртіппен тіркеу қажеттігі түсіндірді.
Жедел іс-шара барысында ақылы автотұраққа әртүрлі 80 мотокөлік жеткізілді. Оның ішінде 50 үш дөңгелекті электрлі көлік құралы, 8 «скутер» және 22 «Эндуро» маркілі мотоцикл.
Жалпы Жамбыл облысы аумағында іс-шара барысында мотокөлікті пайдалану тәртібіне қатысты екі жүзден астам дерек анықталған. Полиция тұрғындарға үш дөңгелекті электрлі мотокөлік те заңнамаға сәйкес тіркелуі тиіс екендігін еске салады.
Қордай ауданында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
А.ИЗАЕВА