Аудан орталығындағы Жібек жолы көшесінде, Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицей маңындағы бағдаршамның алынып тасталуына байланысты тұрғындар арасында түрлі сауал туындағаны рас. Осы мәселеге және жалпы Қордай ауылындағы бағдаршамдардың жай-күйіне қатысты ауыл әкімі Әділет Қаспақбаевтан пікір сұраған едік.
Ауыл басшысының айтуынша, қабылданған шешімнің басты себебі – қауіпсіздік мәселесі.
«Былтыр дәл осы жерде болған жол-көлік оқиғасын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Бұл – республикалық маңызы бар автожол. Мұндағы көлік ағыны өте жоғары. Сондықтан ең алдымен қауіпсіздікті, оның ішінде балалардың қауіпсіздігін ескере отырып, бағдаршам мен жаяу жүргіншілер өткелі алынып, оның орнына бірнеше бейнебақылау камерасы орнатылды.
Қазір мектепке кіріп-шығу Тараз көшесі арқылы ұйымдастырылып отыр. Ол жерде 70 көлікке дейін арналған арнайы тұрақ жасалды. Бұл балалардың мектепке қауіпсіз келіп-кетуіне жағдай жасау үшін қолға алынған», – дейді Әділет Меделбекұлы.
Мектеп-лицей жанында арнайы автотұрақ жасалып, инфрақұрылым мәселесінің оңды шешімін тапқаны туралы бұған дейін де газетімізде жазған болатынбыз. Алайда ауыл әкімінің айтуынша, қазір тағы бір мәселе туындап отыр. Кей ата-аналар балаларын мектепке әкелген кезде көліктерін Тараз көшесінің бойына тоқтатып, өзге көліктердің қозғалысына кедергі келтіруде.
Негізінде, арнайы автотұрақ дәл осы мәселені шешу үшін жасалған. Бұған дейін, бағдаршам жұмыс істеп тұрған кезде де мектептің алдына күн сайын жүздеген көлік жиналып, оған қоса бағдаршамға келіп тоқтаған көліктердің есебінен бұл аумақта кептеліс жиі орын алатын. Мұның өзі жол қозғалысы қауіпсіздігіне белгілі бір деңгейде қауіп төндіретін.
Қазір мектепке кіреберіс тәртібі өзгертіліп, көлік қозғалысы оңтайландырылғанымен, кейбір ата-аналардың талапты сақтамауы салдарынан мәселе әлі де кездесіп отыр. Алдағы уақытта бұл түйткіл де шешімін тауып, тұрғындар Тараз көшесінің тар бөлігінде көлік кептелісін туындатпауға түсіністікпен қарайды деген сенім бар.
Жалпы, Қордай ауылындағы бағдаршамдардың жағдайына тоқталсақ, ауыл әкімінің айтуынша, кейбірінің тозығы жеткен. Оларды қаржыландыру мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жаңарту жоспарда бар.
Биыл Төле би мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы, сондай-ақ Домалақ ана мен Өтеген батыр көшелері қиылысындағы бағдаршамдар жаңартылған. Алдағы жылы қалған бағдаршамдарды да жаңарту кезегі келмек.
Бастысы, ауылда жол қозғалысы қауіпсіздігіне баса мән беріліп, ескірген инфрақұрылым біртіндеп жаңартылып келеді. Осы орайда ауыл әкімі тұрғындарды қабылданып жатқан өзгерістерге түсіністікпен қарап, ең алдымен балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне басымдық беруге шақырады.
Ж.ОМАРОВ