Қордай өңірінің абыройын асқақтатып, қазақ елінің көк туын әлемдік додада биікте желбіреткен жас спортшы Сезім Өтеулі елге жеңіспен оралды.
Баку қаласында өткен қазақ күресінен әлем чемпионатында Қордай ауданының спортшысы Сезім Өтеулі қарсыластарының барлығынан басым түсіп, жарыстың алтын жүлдесін иеленіп, әлем чемпионы атанды.
Бұл – жас спортшының жеке жетістігі ғана емес, туған жері Қордай ауданы мен барша Қазақстан үшін зор мақтаныш. Халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырына көтерілуі – Сезімнің табандылығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі.
Жеңімпаз спортшыға құрмет көрсету мақсатында Қақпатас ауылындағы мәдениет үйінде арнайы кездесу ұйымдастырылды. Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл әлем чемпионы Сезім Өтеуліні айтулы жеңісімен құттықтап, оның жетістігінің ел спорты үшін маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында аудан әкімі Бегзат Болатбековтың атынан чемпионға сый-құрмет көрсетіліп, арнайы тарту табысталды. Бұл – аудан басшылығы тарапынан спортшыларға көрсетіліп отырған қолдаудың, олардың еңбегі мен жетістігіне берілген жоғары бағаның көрінісі.
Жиында Сезім Өтеулінің алдағы спорттық жарыстарына сәттілік тілектер айтылып, халықаралық додаларда ел мерейін үстем етіп, биік белестерді бағындыра беруіне ақжолтай тілектер білдірілді.
Еліміздің көк байрағын көкке көтеріп, қазақ күресінің абыройын асқақтатқан Сезімнің бұл жеңісі – жас спортшыларға үлкен үлгі. Оның жетістігі өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға, ел намысын қорғауға және биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіретіні сөзсіз.