Теміржол – қауіптілігі жоғары нысандардың бірі. Теміржол жолдарында пойыздардың қозғалысы жоғары жылдамдықпен жүзеге асатындықтан, қауіпсіздік талаптарын сақтамау адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
Осыған байланысты теміржол өткелдерінде, станцияларда және теміржолға іргелес аумақтарда белгіленген қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті.
ТЕМІРЖОЛДАН ӨТУ КЕЗІНДЕ:
Теміржол жолдарын тек арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер өткелдері мен көпірлер арқылы кесіп өтіңіз.
Теміржол өткелінде бағдаршамның, дыбыстық сигналдың және шлагбаумның талаптарын қатаң сақтаңыз.
Шлагбаум жабық кезде немесе пойыз жақындап келе жатқанда теміржолдан өтуге әрекет жасамаңыз.
Теміржолдан өтер алдында екі жаққа мұқият қарап, пойыздың жоқ екеніне көз жеткізіңіз.
Теміржол жолын кесіп өту кезінде құлаққап қолданбаңыз және ұялы телефонға алаңдамаңыз. Айналадағы дыбыстық сигналдарға мұқият болыңыз.
Қозғалып келе жатқан пойыздың алдынан немесе артынан жүгіріп өтуге болмайды. Пойыздың тоқтауын күтіңіз және тек қауіпсіз болған жағдайда ғана өткелден өтіңіз.
Теміржол вагондарының астынан өтуге, вагондардың арасынан жүруге және пойызға рұқсатсыз мінуге қатаң тыйым салынады.
Теміржол жолдарына отыруға, жүруге, заттар қоюға немесе бөгде заттарды тастауға болмайды.
Электрлендірілген теміржол учаскелерінде электр желілеріне және ток өткізгіш құрылғыларға жақындамаңыз. Электр желісімен жанасу адам өміріне өте қауіпті.
Ата-аналар мен ересектер балаларға теміржолдағы қауіпсіздік талаптарын үнемі түсіндіріп, оларды теміржол маңында қараусыз қалдырмауы қажет.
Балаларға:
теміржол жолдарында ойнауға;
пойызға жақындауға;
вагондарға мінуге;
теміржол бойымен жүруге;
теміржол өткелдерінен белгіленбеген жерлерден өтуге болмайтынын түсіндіріңіз.
Баланың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігі.
ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!
Пойыз бірден тоқтай алмайды. Машинист төтенше жағдайда тежегішті қолданғанның өзінде пойыздың толық тоқтауына белгілі бір қашықтық қажет.
Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтау – өз өміріңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдардың өмірін де қорғау деген сөз.
ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІН САҚТАУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ!