Қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайту, пробация есебінде тұрған азаматтардың белгіленген талаптарды сақтауын қамтамасыз ету және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету бағытында Қордай ауданында профилактикалық іс-шара өткізілді.
Аталған шара Қордай аудандық прокуратурасының үйлестіруімен ұйымдастырылып, оған тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты мамандар қатысты. Негізгі мақсат – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету және әлеуметтік мәселелерін назардан тыс қалдырмау.
Іс-шара барысында әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж сотталғандардың отбасыларына барып, тұрмыстық жағдайлары зерделенді. Отбасылардағы балаларға ерекше көңіл бөлініп, оқу процесіне қажетті оқу құралдары табысталды. Мұндай әлеуметтік қолдау қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетіп қана қоймай, балалардың білім алуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Профилактикалық жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – пробация есебіндегі азаматтардың белгіленген талаптарды орындауын бақылау. Осы мақсатта түнгі профилактикалық рейд ұйымдастырылып, сотталғандардың белгіленген уақытта тұрғылықты мекенжайларында болуы тексерілді.
Рейд барысында бір сотталған азаматтың белгіленген уақытта үйінде болмағаны анықталды. Аталған факті бойынша тиісті шаралар қабылданып, соттың шешімімен оған бұрын тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Сот шешімі сот залында орындалып, азамат қамауға алынды.
Құқық бұзушылықтың алдын алу – тек бақылау мен жауапкершілік шараларымен шектелмейді. Оның маңызды бөлігі – азаматтарға әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсету, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, аталған профилактикалық іс-шараның маңызы зор.
Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын тауып, пробация есебіндегі азаматтардың құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталатын болады.
Құқықтық тәртіпті сақтау – ортақ міндет. Ал құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі.