Әділдікті ту еткен

0

Көрікті көктемнің шымылдығын ашқан шуақты мереке қарсаңында түрлі салада еңбегімен еленген нәзік жандылар жайлы қалам тербеуді шамшырақтың тілшілері дәстүрге айналдырған. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған кейіпкеріміз – ұзақ жылдар сот саласында жауапты қызметтер атқарып, қара қылды қақ жарған әділдігімен қордайлықтардың ыстық ықыласына бөленген маман Мирагүл Алиманова.
Мирагүл Асқарқызы 1971 жылы 16 маусымда Жамбыл облысы Қордай ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Д.Қонаев атындағы университетінің «Заңтану» мамандығын бітірген. Мамандығы бойынша еңбек жолын 1990 жылдың қаңтар айынан Қордай аудандық сотының мұрағатшысы болып бастап, сол жылдың мамыр айынан Қордай аудандық халық сотының сот мәжілісінің хатшысы, 1991 жылдың қараша айынан машинка басушы хатшы, 1999 жылдың қыркүйек айынан Қордай аудандық сотының сот мәжілісінің хатшысы қызметтерін атқарған. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Ақтөбе облысы Ақтөбе қалалық сотының судьясы болып тағайындалған. Ал 2014 жылдан бері Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының судьясы болып қызмет атқарып келеді. Әділдікті ту еткен білікті маман сот жүйесінің беделіне нұқсан келтірмеуді басты міндеттерінің бірі санайды. Ол осы саладағы абыройлы да жемісті еңбегімен көзге түсіп, билік тарапынан түрлі марапаттарға да ие болған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Құрмет грамотасымен, Жамбыл облыстық соты төрағасының Құрмет грамотасымен, Жамбыл облыстық соты төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Судья – азаматтардың тағдырын шешетін билік органы ғана емес,әділдікке араша түсетін, парасаттылық пен ізгілікті қадір тұтатын тұлға. Дәл осы адами қасиеттер Мирагүл Асқарқызының бойынан табылады деп сеніммен айта аламыз. Ол өзінің мамандығын шексіз сүйеді әрі жұмысына келгенде өзіне де өзгеге де талапшыл жан. «Сот саласының қызметкері кәсіби біліктілікпен қатар адами қасиеттерді ұмытпауы қажет. Мен әр жүргізген ісімді үлкен жауапкершілікпен атқарамын. Өйткені бізге мемлекеттің, жалпы қоғамның артқан сенімі мен жүгі ауыр екенін сеземін. Жұмыс бабымен түрлі азаматтық, қылмыстық істерді қарадым. Оның ішінде жазығы жоқ адамдарды сот залынан ақтап та шығарған кездерім болды», – дейді кейіпкеріміз. Мирагүл Алиманова әңгіме барысында ажырасу алдында тұрған отбасыларды татуластырып, талай шаңырақтың тұтастығын сақтап қалғанын да айтты: «Аудандық сот азаматтардың дауды бейбіт жолмен шешуіне барынша жағдай жасауға тырысады, түсіндіру, татуластыру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп тұрамыз», – дейді судья.
Өнегелі өмірімен көпке үлгі болған Мирагүл Асқарқызы қызметінен бөлек екі баланы тәрбиелеп өсірген ардақты ана, аяу-лы жар. Нәзік жаратылысына қарамастан қиын да жауапты қызметті мінсіз атқарып жүрген асыл жанды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймыз. Деніңізге саулық, жұмысыңызға толағай табыс тілейміз. Халықтың алғысы мен құрметіне бөлене беріңіз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.