Қордай аудандық Мәдениет үйінде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған форум өтті. Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» бағдарламасы аясында жиналған қауым өкілдері, зиялы қауым мен ұлттың тірегі саналатын ардагерлер, жастар мен білім саласының қызметкерлері бұл айрықша шарада халқымыздың даму жолында маңызды мәселелерді талқылады.
Алдымен қатысушыларға этнос өкілдерінің қолөнер және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап көрмесі таныстырылды. Форумға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов, «Әкелер» және «Аналар алқасы» кеңестерінің төрағалары Сәрсенбай Мыңбаев пен Хадиша Оспанова, сондай-ақ облыстық шығармашылық орталығының қызметкері Назира Нарбатырова, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, білім беру мекемелерінің басшылары, Ассамблея мүшелері, белсенді жастар орталығы мен қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, имамдар, мектеп пен колледж оқушылары қатысты. Бұл басқосу ұрпақтар арасындағы рухани іліністі берік етуге бағытталған негізгі мақсатты айқын көрсетті.
Форумды аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл ашып, ұрпақтар сабақтастығына ерекше назар аудара отырып, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарыту арқылы олардың ұлттық санасын жетілдіруге шақырды. Ол мәдениет пен білім салаларының қызметкерлерін, ардагерлерді және жастарды осы ізгілікті іс-шараларға белсенді түрде қатысуға үндеді. Нұрболат Ақынғалиұлы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мен ұлттық дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығын айтып өтті. Ол:
«Біз үшін рухани құндылықтар – болашақ ұрпаққа аманат. Ардагерлеріміздің үлгісі мен тәжірибесін жастарға жеткізуіміз керек», — деді.
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов өз сөзінде:
«Қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтау – ардагерлер мен жастардың ортақ міндеті. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұмытпау және жаңғырту бәріміздің парызымыз», — деп атап өтті.
«Әкелер» кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев:
«Әр әке өз отбасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, балаларға дұрыс тәрбие беру қажет. Сол кезде ғана ұрпақ сабақтастығы мызғымас болады», -деді.
«Аналар алқасы» төрайымы Хадиша Оспанова:
«Ана рөлі – отбасының ұйытқысы. Ұрпаққа ұлттық дәстүрлерді үйретуде аналар маңызды миссия атқарады», — деп ойымен бөлісті.
Форумда облыстық шығармашылық орталығының қызметкері Назира Нарбатырова жастарды рухани тәрбиелеудің мәдени шаралар арқылы жүзеге асырылатынын айтты:
«Өнер мен мәдениет арқылы ұлттық сананы қалыптастыруға болады. Ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері жастарға ұлттық тарихымызды, дәстүрлерімізді құрметтеп, оларды сақтауға шақыруда. Сонымен бірге, қоғамда патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында бірлескен жұмыстардың маңызы ерекше»,-деді.
Бұл кездесуде ұрпақтар арасындағы рухани байланыс пен ұлттық құндылықтарды сақтау – еліміздің дамуы мен ұлттың мәңгілік болашағының кепілі екені айтылды. Әрбір ұрпақ өз міндеті мен ата-баба аманатына адал, келесі буынға таза мұра қалдыруға тиіс деген ұғым кеңінен талқыланды. Дәстүр мен мәдениетті сақтау, елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді нығайту – бүгінгі күннің басты ағартушылық бағыттарының бірі.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен форум дәстүрлі құндылықтар мен ұрпақтар арасындағы татулықты нығайту үшін маңызды алаңға айналып, ұлттық тәрбиенің қазіргі заманғы қоғамдағы маңыздылығын насихаттауға үлкен үлес қосты.