Біреулер үшін жұмыс іздеу — қағаз жүзіндегі түйіндеме мен бос орындарды сүзіп шығу ғана сияқты көрпінуі мүмкін. Ал шын мәнінде, бұл — әрбір шаңырақтың берекесі мен ертеңгі күнге деген сенімін айқындайтын, отбасының ырысын арттыратын маңызды өмір өткелі. Содан да болса керек, халықты жұмыспен қамту саласында жүрген жандардың еңбегі құрғақ заңды білуді ғана емес, елдің мұң-мұқтажын жүрекпен ұғатын үлкен жанашырлықты талап етеді.
Қордай өңірінде тұрғындардың еңбекке араласып, өз нәпақасын табуына көп жылдан бері септігін тигізіп келе жатқан жандардың бірі — Жәмила Музуфарқызы Наджафова. Ол 2011 жылдан бері аудандық Карьера орталығында табан аудармай қызмет етіп, саналы ғұмырын осы игілікті іске арнап келеді.
Осы жылдар ішінде оның алдынан талай тағдыр, түрлі тауқыметі бар жүздеген адам өтті. Біреуі еңбек жолын жаңа бастап, жол таппай жүрсе, енді біреуі кәсібін ауыстыруды көздейді. Ал кейбіреуге уақытша нәрсе болса да медет, ақылы қоғамдық жұмысқа қол созады.
Мұндай сәтте дайын тізімді ұстата салу оңай, бірақ Жәмила Музуфарқызылай жанашыр маман олай істемейді. Ол алдына келген әр тұрғынның жағдайын өз басынан өткендей ұғынып, ыңғайлы жолын нұсқайды, ақыл-кеңесін айтып, жігер береді. Азаматтарға жұмыспен қамту, мамандық таңдау және ақылы қоғамдық жұмыс төңірегінде бағыт-бағдар беру — оның күнделікті тынымсыз тірлігінің өзекжарды бөлшегіне айналған.
Оның әрбір жұмыс күні — елімен етене жүздесуден тұрады. Әрбір сұхбаттың артында: «Еңбегім қайда жанады? Неге икемім бар? Тірлікті неден бастасам екен?» деп үмітпен тесілген жанарлар мен алаң көңілдер тұр.
Маманның бұл жанкештілігі мен кәсіби біліктілігі елеусіз қалған жоқ. 2025 жылы Жәмила Музуфарқызы Жамбыл облысы бойынша «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанып, І орынды қанжығасына байлады. Бұл марапат — оның жылдар бойғы адал төккен терінің, адамға деген бауырмалдығы мен өз ісіне деген адалдығының ақталғанының айғағы.
«Адамды жұмысқа орналастыру дегеніміз — оның бойындағы сенімін ойлатып, қоғамға керек екенін сезіндіру», — дейді ол өзінің ішкі ұстанымын сабақтай отырып.
Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамту — ең басты мәселелердің бірі. Жұмыс деген — тек күнделікті нәпақа емес, бұл — отбасының тұрақтылығы, бала-шағаның болашағы мен еңбекке деген құлшыныс. Сол себепті де тұрғындардың жолын ашып, бағыт сілтейтін мамандардың еңбегі — ел үшін аса қажетті, сауабы мол іс.
Жәмила Наджафованың еңбек жолында мыңдаған тұрғынның алғысы, берілген дұрыс бағыт пен ақыл-кеңестер жатыр. Маман үшін ең үлкен қуаныш — алдына сарыуайымға салынып келген адамның, жүзі жадырап, нақты жоспарын ұстап, ертеңге деген сеніммен шығып бара жатқанын көру.
«Еңбек адамы» дегенде міндетті түрде аты дүрілдеп шыққан жандарды ғана елестетудің қажеті жоқ. Алдыңа келген әрбір адамның өмірінің жақсаруына үнсіз де байсалды түрде үлес қосып жүрген жандардың өзі — нағыз еңбек адамы. Мұндай еңбек дабыра сөзді қажет етпейді, оның нәтижесі — халықтың ақ батасынан, жаңадан ашылған нәпақа көздерінен және уақытында қолдау тапқан жандардың ертеңгі күнге деген нық қадамынан көрінеді.
Шолпан САБАНОВА