ҰЛЫС ОҢ БОЛСЫН!

0

Тамырын тарих қатпарларының тереңінен тартып, ұлт пен ұлыстың ұлық мерекесіне айналған Наурыз мейрамы Қордай ауданында биыл бұрын-соңды болмаған кең ауқымда аталып өтті. Бұл күні орталық алаңға оннан астам ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылды.
Таң азаннан Қордай ауылының орталық алаңына ағылған жұртшылық аудан өнерпаздары ұйымдастырған «Наурыз — керуен» атты театрландырылған қойылымды тамашалап, Төле би көшесінің бойына қаз-қатар тігілген киіз үйлерден наурыз көже ішіп, кең дастарханнан дәм татып, бірін бірі Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
«Домбыра думан» ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен шымылдығы түрілген мерекелік іс-шара шын мәнінде қалың көпшіліктің көңілінен шығып, аудандық Мәдениет үйі мен БЖШО мамандарының өнерлерін қордайлықтар жоғары бағалады. Әсіресе, сахна төрінен шырқалған «Туған жер», «Наурыз», «Тойла қазақ», «Наурыз думан», «Ақбұлақ», «Бастау», «Әз-Наурызым», «Молдабайдың әні», «Көне Тараз» әндері, «Аққу», «Махаббат» халықтық би ансамблінің билері, «Тарту» тобының күйлері көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Осы орайда мерекелік іс-шараға қатысқан аудан әкімі Мәден Мұсаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Міне, Ұлыстың Ұлы күні де келіп жетті. Баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Сондықтан да халқымыз бұл мерекені ешқашан ұмытқан емес. Халқымыз бұл күні «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ақ тілегін айтқан. Мен де сіздерге қыдыр дарыған қадір таңында тілеген армандарыңыз орындала берсін дегім келеді. Наурыз – жыл басы ғана емес, оны мерекелеу халықтың ұлы рухани мұрасына бұрынғыдан да байыптап үңілуге және бағалауға, ата-бабаларымыздың игі дәстүрлері мен салт-жораларын терең білуге, ел бірлігі мен қоғамдағы келісім жолында ізгілікті істер атқаруға, қонақжайлық, патриоттық пен жан жомарттығын танытуға тамаша мүмкіндік береді. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін», — деген аудан басшысының құттықтауын халық зор ықыласпен қарсы алды.
Айта кетсек, осы күні орталық алаңда қол күрес, арқан тартыс, қазақша күрес, асық ату, тоғыз құмалақ, кір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен қонақтар шақырылды.
Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.