Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 27 қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен арнайы кеңесте әскердегі жағдайға баға берді. Мемлекет басшысы министрліктің жұмысына жан-жақты тексеру жүргізіп, он күн ішінде армияны реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет қабылдап жатқан шараларға қоғамның көзқарасын білу үшін «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы 28-29 қыркүйекте қоғамдық пікірді зерттеу мақсатында сауалнама жүргізді.
Сауалнама нәтижесі армияның қазіргі жағдайы мен болашағы көпшілік назарында екенін көрсетті. Қатысушылардың 85,2%-ы Президенттің Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру туралы шешімін толық немесе ішінара қолдайды.
Қарулы Күштерді реформалау туралы шешімге де осындай көзқарас қалыптасқан. Мемлекет басшысының бұл шешімін оң бағалағандардың үлесі де жоғары – 85,7%.
Сауалнамаға қатысушылар армияда қандай өзгерістер қажет екенін де айтты. Бұл сұраққа бірнеше жауап таңдауға мүмкіндік берілді.