Еңбек күні қарсаңында күнделікті адал еңбегімен ауылдың тыныс-тіршілігіне, әл-ауқаты мен дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына алғыс білдіру – игі дәстүр.
Осы мерекеге орай Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №11 «Қайнар» ауылдық кітапханасының кітапханашысы «Еңбек – берекенің бастауы» атты мерекелік құттықтау шарасын өткізді.
Аталған шара аясында кітапханашы Гүлжан Майжанова ауылдық дәрігерлік амбулаторияға арнайы барып, медицина қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Денсаулық сақшыларының бұл еңбегі терең білім мен жоғары жауапкершілікті ғана емес, сонымен бірге зор мейірімділік пен жанашырлықты талап етеді. Күн сайын тұрғындардың саулығын күзетіп, ең қиын сәттерде алғашқы болып көмек қолын созатын да – осы ақ халатты абзал жандар.
Кездесу барысында медицина қызметкерлерінің ауыр да жауапты, абыройлы еңбегіне, өз кәсібіне деген адалдығы мен ауылдастарының денсаулығына деген шынайы қамқорлығы үшін ыстық лебіздер мен алғыстар айтылды.
Мұндай тағылымды кездесулер – әрбір ауылдың берекесі мен гүлденуінің артында өз ісін адал атқарып, білімі мен жүрек жылуын аямай жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарының тұрғанын тағы бір мәрте еске салады.
Шара соңында қатысушылар барша медицина қызметкерлеріне зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына амандық пен береке, сондай-ақ жауапты қызметтерінде жаңа кәсіби табыстар тіледі.