АҒА БУЫН – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ, ӨСИЕТ

0

24 қыркүйек күні Қордай аудандық мәдениет үйі мен аудандық ардагерлер ұйымының бірлесе ұйымдастыруымен сахна төрінде сәні мен салтанаты жарасқан ерекше мәдени шара өтті.

Қазақстан Ардагерлер ұйымының 40 жылдығына және 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған бұл өнер байқауы «Сөнбес өнер, сарқылмас ғұмыр» деген тағылымды атаумен жалауын көтерді.

Аудандық деңгейде өткізілген бұл мерекелік шараның негізгі мақсаты – аға буын өкілдерінің бойындағы шығармашылық қабілеттерді қолдау, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру және қариялар арасындағы мәдени-рухани байланысты одан әрі нығайту болды. Сонымен қатар, бұл жиын ұлттық өнерді, асыл салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, қазыналы қарттарымыздың мол өмірлік тәжірибесі мен тағылымды өнерін кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетуді көздеді.

Байқауға ауданымызға қарасты әрбір ауылдық округтен жиналған 18 ардақты қария қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сахна төрінде талантымен таңдай қақтырған қатысушылар бірнеше аталым бойынша өзара бақ сынасты:

«Ән – көңілдің ажары» – эстрадалық және халықтық бағыттағы жеке ән орындау;

«Би – өнердің бір түрі» – жеке және топтық би шеберлігі;

«Сөз өнері» – көркемсөз оқу, монолог пен поэтикалық туындыларды тебірене жеткізу;

«Ұлттық өнер» – дәстүрлі ән, терме, күмбірлеген күй мен ұлттық өнеріміздің озық үлгілері.

Өнер сайысы өте тартысты әрі әсерлі өтті. Әрбір қатысушының сахнадағы өнерінен өмірге деген сүйіспеншілік, ұлттық өнерге деген құрмет анық байқалып турды. Кеш соңында казылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен белсене қатысқан ардагерлер түрлі номинациялар бойынша арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен, сондай-ақ бағалы және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Шара соңында Қордай аудандық ардагерлер кеңесі ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша ардақты қарияларымызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына амандық пен береке тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.