Өткен сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезекті аппараттық кеңес отырысы өтті. Оған аудан басшысы Мәден Мұсаев төрағалық етіп, отырысқа аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Жалпы, бұл күнгі кеңес отырысы жағымды жаңалықтан басталды. Аудан басшысы ең алдымен қатысушыларды өзінің жаңа тағайындалған орынбасары Елдос Нұралиевпен таныстырып, оның осы күнге дейін атқарған жұмысына тоқтала келе, қызметіне сәттілік тіледі. Осыдан кейін кеңестің күн тәртібіне кезек жетіп, алғашқы сөзді аудан әкімдігінің жер қатынастар бөлімінің басшысы Бекнұр Юсупов алды. Баяндамашы өз сөзінде жер қатынастары саласында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, аудандағы жалпы жер қорының көлемі 898,4 мың гектарды құрайды екен. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 609,1 мың гектар болса, оның 136,0 мың гектары егістік, 39,4 мың гектары суармалы егістік. Қалған жерлер өнеркәсіп, орман қорының жерлері мен елді мекендерге тиесілі. Сондай-ақ, бөлімге жеке және заңды тұлғалардан бас-аяғы 485 өтініш түсіп, оның 461-і қанағаттандырылып, 24-інен бас тартылған. Мұнымен қатар, бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 14540 азамат тіркеліпті. Олардың басым бөлігі Қордай ауылында, яғни 7112 адам кезекте тұр. Оларға тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, «Солтүстік» және «Шығыс» тұрғын алқаптарында 2203 жер телімі 3 жыл мерзімге табысталған. Ал, «Батыс» құрылыс алқабында 300 жер телімін табыстау жоспарда тұр.
«Алдағы уақытта егістік жерлердің иелерімен егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін кедергісіз мал жаюға ауылдық округ әкімдерінің аппараттары арасында меморандумдар қосымша жасалу керек. Алайда, ауыл әкімдері бұл бойынша тиісті жұмыс атқармаған. Атқарғандары бөлімге ұсынбаған», — деді бөлім басшысы.
Осыдан кейін аудан басшысы Мәден Мұсаев баяндамашыдан жауап алып, тиісті тапсырмаларын жүктеді.
«Батыс» құрылыс алқабындағы жер телімдерін жылдамдатып беру керек. Кезекте тұрған азаматтардың тізімі бар. Сол бойынша нақты жұмыс жасау керек», — деген Мәден Тоқтарбайұлы Қордай ауылының әкіміне тапсырма берді.
Осыдан кейін көктемгі екі айлық тазалық жұмыстарының барысы жайында аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Амантаев сөз алып, сенбілікке қатысқан және қатыспаған мекемелерді атап өтті. Осы орайда ол ауылдық округтердегі күл-қоқыс мәселесіне тоқталып, Кенен, Қасық, Бетқайнар, Жамбыл, Қақпатас және Сарыбұлақ ауылдық округтерінде күл-қоқыстың барын айтты. Естеріңізге сала кетсек, көктемгі аббаттандыру жұмыстарының басталғанына бүгінде бір ай толған. Дейтұрғанымен, аудан басшысы бөлімнің тиісті атқарған жұмысының жоқтығын алға тартты.
«Аббаттандыру бойынша атқарылған жұмыстың нақты мәліметі жоқ. Бір ай өтіп кетті. Не жұмыс атқардың? Қанша ағаш егілді, қанша қоқыс шығарылды? Мұның есебі қайда? Осы аптадан бастап күн райы тұрақталады. Енді көгалдандыру жұмыстарына мықтап кірісу қажет», — деген аудан әкімі бөлім басшысының жұмысын сынға алды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – көктемгі әскерге шақыру науқанының өту барысы жайында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Нұржан Мелдебеков сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндап өтті. Бүгінде ауданға 152 баланы әскер қатарына шақыру бойынша тапсырма берілген. Ниет білдіргендер саны 78 болса, оның 69-ы жарамды. Алайда, бүгінге тек 17 бала әскер қатырына жіберілген. Осындай мәліметтерді тілге тиек еткен бөлім бастығы аудан әкімінен көктемгі әскерге шақыру науқанына қолдау көрсетуін сұрады. Ол бойынша аудан басшысы бірқатар ұсыныстар айтып, сол бойынша ауыл әкімдерін жұмыс атқаруға шақырды.
Мадияр ҚАРАБАЕВ