МАҢЫЗДЫ ДИАЛОГ

0

«Әділет» партиясы Қордай аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Бұл маңызды жиынға Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков жетекшілік жасап, кеңес мүшелерінен бөлек, аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бастығы, подполковник Айдын Саусақбаев, аудандық полиция бастығының жеке құраммен жұмысы жөніндегі орынбасары Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Жанетұлы сынды жауапты тұлғалар қатысты.

Отырыс барысында күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінде «Қордай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің атқарған жұмыстарын зерделеу» мәселесі қаралды. Бұл мәселе бойынша Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Бейқұт Жамангозов толық әрі нақты баяндама жасады. Ол кездесуде Қорғаныс бөлімінің соңғы кезеңдегі атқарған жұмыстарын жан-жақты талдап, әскери дайындық, азаматтық қорғаныс және жергілікті қауіпсіздік шараларының іске асырылу барысын кеңінен таныстырды. Комиссия төрағасы Қорғаныс бөлімінің қызметінің еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын сақтаудағы ролін атады. Сонымен қатар, қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланыс арқылы қоғамдық бақылау жұмысын жетілдіру қажеттігі туралы мәселелер де талқыланды.

Екінші мәселе ретінде «Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін бөлу және игеру, олардың инфрақұрылым жағдайы» жайында Бюджет, қаржы және құрылыс мәселелерін қолдау жөніндегі комиссия төрайымы Айнұр Алматаева баяндама жасады. Ол баяндамасында аудан көлемінде жеке тұрғын үй салу үшін бөлінген жер учаскелерінің жағдайын жан-жақты саралап, олардың игерілу деңгейін, инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын талдады. Сонымен бірге, жер учаскелерін бөлудегі тәртіп, нормативтік-құқықтық базаның сақталуы мен әкімшілік бақылаудың тиімділігі мәселелері де жан-жақты қаралды. Комиссия төрайымы тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген жерлерді игеруді тездету, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында нақты ұсыныстар мен шараларды айтты.

Отырыс барысында аудандық Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Айдын Саусақбаев және аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Жанетұлы өз бөлімдері атқарып жатқан жұмыстардың есебін берді. Айдын Саусақбаев бөлімнің қазіргі жағдайы, тапсырмалардың орындалуы, болашақ жоспарлар туралы жан-жақты әңгімелеп, бөлімнің өз функцияларын тиімді жүзеге асырудағы тыныс-тіршілігімен, сондай-ақ, туындаған қиыншылықтармен бөлісті.

Бауыржан Жанетұлы да құрылыс бөлімінің жұмысына қатысты егжей-тегжейлі есеп беріп, ауданның құрылыс саласындағы жағдайына тоқталды. Ол жеке тұрғын үй құрылыстарының өсімі, инфрақұрылымдық мәселелер, құрылыс жобаларының сапасы мен мерзімдерін уақытылы орындау жөніндегі шаралар туралы мәліметтерді атап айтты. Бөлім басшысы ауданның тұрғын үй-коммуналдық дамуын қамтамасыз ету үшін атқарылған жұмыстар мен жоспарланған жобалар жайлы кеңінен баяндап, құрылыс саласын дамытуға бағытталған әкімдік пен қоғам тарапынан қолдау қажеттігін атап өтті.

Отырыстың қорытындысында қатысушылар ұсыныстарын талқыға салып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіру, қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында бірлесе атқарылатын шараларды белгіледі. Жиынның нәтижелері аудан өміріндегі маңызды мәселелердің шешілуіне тың серпін беретіндігі күтілуде. Бұл отырыс Қордай ауданының тұрақтылығы мен дамуына өз үлесін қосатын маңызды қоғамдық диалогтың жалғасы.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.