Қазақ халқы қашанда үлкенді сыйлап, қарияны құрметтеуді дәстүрдің төріне қойған. Өйткені ақсақалдың батасы мен ақ жаулықты әженің ақылы — кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өмір мектебі.
Халықаралық қарттар күніне орай «Тамаша» кафесінде еңбек ардагерлері, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Ардагерлер үшін арнайы ақ дастархан жайылып, олардың құрметіне жылы лебіздер айтылды.
Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз сөйлеп, ардагерлерді мерекемен құттықтады.
Жиын барысында ауданның дамуына үлес қосып, жастарға патриоттық тәрбие беруге, халықтар достастығы мен бейбітшілік пен келісімді нығайтуға атсалысқан бірқатар ардагерге арнайы марапаттар табысталды.
Марапат иелеріне ізгі тілектер айтылып, еңбектері мен ел алдындағы қызметтері ерекше атап өтілді.
Шара барысында мерекелік әндер шырқалып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ақ дастархан басында бас қосқан ардагерлер бір-бірімен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрды.
Қариялар — елдің қазынасы. Олардың өмір жолы — кейінгі буынға үлгі, ал өнегесі — ұрпаққа аманат.
Қарттарын қадірлеген елдің — келешегі кемел, берекесі мол.
Шолпан САБАНОВА