БАЛА БОЛАШАҒЫНА ЖАНАШЫРЛЫҚ

0

Психологиялық-педагогикалық тексерудің басты мақсаты

Бала – кез келген қоғамның бағалы қазынасы, ал оның жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына жағдай жасау – мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі. Бұл орайда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға уақытылы көмек көрсетіп, оларды қоғамға бейімдеуде Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың (ПМПК) атқаратын рөлі ерекше.

Жаңа формат: «Медициналық» модельден «Педагогикалық» бағытқа

2020–2025 жылдарға арналған білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ПМПК жүйесі бұрынғы дәстүрлі «медициналық» модельден жаңа «әлеуметтік-педагогикалық» модельге көшті. Бұл қадамның негізгі мәні – балаға тек медициналық диагноз қоюмен шектелмей, оның білім алуына қажетті арнайы жағдайлар жасау және жеке қажеттіліктерін анықтау.

Әлеуметтік-педагогикалық модель аясында ЕБҚ бар баланың ерекше білім беру қажеттіліктері бағаланып, оған оқытудың арнайы жағдайлары белгіленеді. Баланың даму процесіндегі кедергілерді, оқу мен әлеуметтік бейімделудегі қиындықтарды жоюда психологиялық-педагогикалық қолдаудың үлесі артады. Сондай-ақ медициналық диагноздардың орнына білім беру мен психологиялық-педагогикалық көмектің көлемін айқындайтын әлеуметтік-педагогикалық жіктеме енгізіліп, ата-аналарға көрсетілетін кеңес беру қызметінің ауқымы кеңейтіледі.

Психологиялық-педагогикалық тексерудің басты мақсаты – анықталған бұзылыстар мен әлеуметтік қиындықтар негізінде баланың ерекше білім алу қажеттіліктерін дұрыс айқындау. Осы орайда мамандар баланың психикалық дамуын зерделеп, оның күшті жақтары мен әлеуметтік мүмкіндіктерін анықтайды, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен ата-аналарға арнайы ұсынымдар әзірлейді.

Қордай аудандық ВПМПК-ның қалыптасуы

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Қордай ауданының ведомствоаралық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Жамбыл облысы әкімдігінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №365 қаулысы негізінде ашылып, содан бері үздіксіз қызмет етіп келеді.

Мекеме 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің даму ерекшеліктерін анықтап, есепке алады. Оңалтудың жеке бағдарламасын жасау үшін диагностикалық және психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру жүргізеді. Ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен балаларды арнайы түзеу мекемелеріне бағыттайды, үйде тәрбиелеу мен жеке бағдарлама бойынша оқытуға арнайы қорытынды береді. Түрлі ауытқушылықтары бар балаларды емдеу, тәрбиелеу, оқыту мәселелері бойынша ата-аналарға, педагогтар мен дәрігерлерге тұрақты түрде консультациялық көмек көрсетеді.

Мекеме ашылған кезеңнен бастап жыл сайын жүздеген балаға көмек көрсетілді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2017-2018 жылдары 930 бала, 2018-2019 жылдары 925 бала, 2019-2020 жылдары 910 бала, 2020-2021 жылдары 900 бала, 2021-2022 жылдары 900 бала, 2022-2023 жылдары 930 бала, 2023-2024 жылдары 930 бала, ал 2024-2025 жылдары 962 бала тіркеліп, тексеруден өтті.

Кешенді диагностика

ВПМПК ұжымында әр саланың білікті мамандары жұмыс істейді. Баланың жағдайын толық бағалау мақсатында әр маман өз бағыты бойынша кешенді тексеру жүргізеді.

Педагог-психолог баламен жағымды қарым-қатынас орнатып, оның интеллектуалдық, эмоциялық-ерік аясының ерекшеліктерін анықтайды. Мұғалім-дефектолог баланың танымдық деңгейін, білім, білік, дағдыларының білім беру бағдарламаларына сәйкестігін зерделейді. Логопед сөйлеу тілінің даму деңгейін, оның бұзылу себептерін саралап, интеллектуалдық дамуымен байланысын тексереді. Сурдопедагог баланың есту және сөйлеу қабілетін тексеріп, ары қарай білім беру бағыты бойынша кеңес береді. Тифлопедагог көру қабілеті төмен балалардың мүмкіндіктерін ескере отырып, оларға қажетті оқу жағдайларын айқындайды. Әлеуметтік педагог баланың отбасылық жағдайын, өзара ықпалдастығын зерттеп, әлеуметтік бейімділігін анықтайды және даму картасын толтырады.

Тексеру қорытындысы бойынша мамандар алқалық шешім қабылдап, баланың психофизикалық ерекшелігіне сай түзете-дамыта оқыту бағдарламасын белгілейді. Қажет болған жағдайда тексеру қайта жүргізілуі мүмкін. Соңғы кезеңде статист маман қорытындыны арнайы журналдарға тіркеп, ата-анаға табыстайды және деректер қорына енгізеді.

Қордай ауданы бойынша арнайы тексеру кестесі бекітіліп, бұл туралы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне және баспасөз құралдарына хабарланады. Бекітілген кестеге сәйкес ВПМПК мамандары аудан аумағындағы білім беру мекемелеріне іссапармен барып, балаларды жергілікті жерде тексеруден өткізеді.

Айсұлу Үсенова, Қордай ауданының ведомствоаралық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.