ЖҰМЫСҚА ЖАУАПКЕРШІЛІК КЕРЕК

0

Жуырда аудан әкімдігінде облыс және аудан прокуратурасы өкілдерінің халықпен кездесуі өтті. Жиынға мемлекеттік органдар мен аудандық полиция бөлімінің басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Кездесу барысында жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың өтініштерін сапалы қарау мәселесі қаралды. Жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Жамбыл облысы бойынша басқармасының бастығы Дәурен Райымқұлов прокуратура органдарының бірінші кезекте заңдылық пен адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететінін айта келе, Мемлекет басшысы ұсынған «Жаңа Қазақстан» және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамаларының аясында бұл мәселенің өзектілігі арта түсетінін алға тартты.
«Бүгін залда мемлекеттік қызметшілер көптеп жиналыпты. Әрқайсыңыз бүгінгі іс-шараға жауапкершілікпен қарап, осында айтылған әрбір дүниені назарларыңызға алады деген сенімдемін. Айта кетсек, бұдан былай өтініштерді қабылдау ережесін бұзғаны үшін қызметкерлердің жауапкершілігі күшейтілді. Сондықтан бұл мәселеде өте мұқият болған жөн», — деді Дәурен Райымқұлов.
Келесі кезекте сөз алған азаматтық және әкімшілік салаларда құқықтық ақпаратты қалыптастыру басқармасының аға прокуроры Қалыбек Жақыбаев оқу семинарын өткізіп, қатысушылар назарына заңнамаға енгізілген өзгерістер турасындағы баяндамасын ұсынды.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының бастығы Дәурен Райымқұлов қатысушыларды жеке сұрақтарымен қабылдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.