Адамның өмір жолы – тұнып тұрған тарих, ал сол тарихтың әрбір белесінде төгілген тер, көрген бейнет, жасаған жақсылық пен қалдырған өнеге жатады. Тоқсан жастың төріне абыроймен көтеріліп, ұрпағының ортасында қадір-құрметке бөленіп отырған Анибүбі апайдың ғұмыры – адалдықтың, сабырлықтың, еңбекқорлықтың, мейірім мен адамгершіліктің жарқын үлгісі.
Ақылбаева Анибүбі апай 1936 жылы Қызылсай ауылында дүниеге келген. Өмірдің талай ащысын көріп өскен, ана жастайынан еңбекке араласты. Небары 17 жасында босаға аттап, Нүсіпбек әулетінің ең алғашқы келіні атанды. Сүйікті жары Ақылбаев Икиметпен бірге шаңырақ көтеріп, Бәтима ананың тәрбиесін көрді. Үлкеннің алдын кесіп өтпей, ақылын тыңдап, батасын алған ибалы келін болып түскен шағынан бастап әулеттің салт-дәстүрін бойына сіңірді. Жайдарлы мінезі, ақжарқын көңілі, кең пейілі мен кішіпейілдігінің арқасында бір әулеттің ғана емес, тұтас ұрпақтың ардақты анасына айналды.
Анибүбі апайдың өмір жолы еңбекпен тығыз өрілген. Ол кісі жары Икимет ағамыз екеуі де — тыл ардагерлері. «Алмалы» совхозында өмір бойы адал еңбек етіп, 1955 жылдан 1990 жылға дейін озат шопан атанып, мал шаруашылығының ауыртпалығын абыроймен көтерді. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында дала төсіндегі тынымсыз тіршілікке төзіп, отбасының қамын ойлады. «Еңбектің наны тәтті» екенін ұрпағына сөзбен де, ісімен де ұғындырған кейуана адал терімен береке дарытты.
Кейуананың жүрегі әрдайым жақсылыққа толы болды. Үлкен-кішіні жатсынбай, бар мейірімін төге білді. Өмірде кездесқан қиындықтарда сүйеніш, қуанышта тілеулес бола білді. Оның ақ батасы, жылы сөзі, мейірімді жүзі мен өнегелі өмірі — бүгінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасар асыл мұра.
Алтын құрсақты ана осы шаңырақта 11 перзентті өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі таңда 9 перзенті аман-есен өсіп-өніп, ападан тараған ұрпақтың санын көбейтуде. Қазіргі уақытта Анибүбі әже Қарасай батыр ауылындағы қара шаңырақта кенже ұлы Руслан мен келіні Жеңіскүлдің қолында, ұрпағының қызығына кенеліп, ақсақалды әже болып отыр.
Тоқсан жас – жай ғана жас емес. Бұл – тұтас бір дәуірдің куәсі болу, талай ұрпақтың өсіп-өнгенін көру. Бүгінде Анибүбі әженің айналасында ұйысқан ұрпағы, қадірін білген ағайын-туысы мен ақ тілегін арнаған жақындары — оның мағыналы ғұмырының ең үлкен жемісі.
Аудан жұртшылығы мен редакция ұжымы атынан аяулы Анибүбі апайды мерейлі 90 жасымен шын жүректен құттықтаймыз! Деніне саулық, басына амандық тілейміз. Ұрпағының ортасында ақ батасын беріп, аман-есен жүре бергей!
Ж.ОМАРОВ