Қордай ауданының Масаншы ауылындағы Ж.Аймауытов атындағы орта мектепте «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының салтанатты ашылу және ант қабылдау рәсімі өтті. Маңызды шара жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуға және оқушылардың ел қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Салтанатты іс-шараға шекара қызметінің, полиция және төтенше жағдайлар саласының өкілдері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Жиын барысында әскери-патриоттық бағыттағы клубтардың қызметі таныстырылып, жасөспірімдердің бойында елжандылық қасиеттерді қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақты елін сүюге, туған жерін құрметтеуге және қоғам алдындағы азаматтық міндеттерін терең түсінуге тәрбиелеуде ерекше рөл атқарады. Рәсімнің ең маңызды сәттерінің бірі – оқушылардың салтанатты түрде ант қабылдауы болды. Шекара қызметі, полиция және төтенше жағдайлар саласының жетекшілігімен құрылған әскери-патриоттық клубтардың жалпы саны 75 оқушысы өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындауға дайын екендіктерін білдірді. Олардың қатарында «Шекара қырандары», «Жас сақшысы» және «Жас құтқарушылар» клубтарының мүшелері бар. Оқушылардың ант қабылдауы – олардың Отанға деген құрметін, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға деген ұмтылысын айқындайтын маңызды қадам. Жаңадан ашылған «Жас шекарашы» клубы оқушылардың әскери-патриоттық бағыттағы білімін жетілдіріп, олардың бойында тәртіп, табандылық, батылдық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Клуб аясында жасөспірімдерге жүйелі сабақтар өткізіліп, әскери қызметтің ерекшеліктері, шекараны қорғаудың маңызы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар оқушыларды тәртіпке баулу, өзара көмек көрсетуге үйрету және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға басымдық беріледі. Әскери-патриоттық клубтардың жұмысы жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың тұлғалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Осындай ортада білім алған оқушылар бойларындағы көшбасшылық қабілеттерін шыңдап, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге үйренеді. Сондай-ақ олар ел тарихына, мемлекеттік рәміздерге және Отан алдындағы борыш ұғымына құрметпен қарауды меңгереді.
Бүгінде жасөспірімдер арасында отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу, азаматтық жауапкершілікті арттыру және қауіпсіздік салаларына деген қызығушылықты қалыптастырудың маңызы зор. Бұл ретте, Қордай ауданында қолға алынған бастама – жас буынды елжандылық рухта тәрбиелеуге бағытталған игі істердің бірі. Шекара қызметі, полиция және төтенше жағдайлар саласы өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылатын мұндай жұмыстар оқушылардың болашақ мамандық таңдауына да оң ықпал етуі мүмкін.