Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелеріне арналған аудан активінің отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме жетекшілері қатысты.
Жиынның алдында аудан активі облыс әкімі төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған онлайн жиынға қатысып, онда ел дамуының алдағы кезеңіне арналған негізгі басымдықтар мен міндеттер кеңінен талқыланды. Осы кездесудің жалғасы ретінде өткен аудандық жиында Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді Қордай ауданы көлемінде жүзеге асыру жолдары қарастырылып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Аудан әкімі Бегзат Болатбеков өз сөзінде Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі бағыттарын айқындайтынын атап өтті. Жолдауда инфрақұрылымды жаңғырту, құрылыс саласын дамыту, жол сапасын жақсарту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және халықтың әл-ауқатын көтеру мәселелеріне айрықша мән берілгенін жеткізді.
«Бүгінгі мақсатымыз – осы міндеттерді аудан көлемінде жүзеге асыру жолдарын айқындап, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беру. Мемлекет басшысы Жолдауында көтерілген әрбір бағыттың өңірлер үшін маңызы зор. Сондықтан біз ауданымыздың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, алдағы кезеңге арналған жұмыстарды жүйелеп, нақты жобалар мен ұсыныстар әзірлеуіміз қажет», — деді аудан әкімі.
Мемлекет басшысы Жолдауында ерекше назар аударған бағыттардың бірі – құрылыс және инфрақұрылымды дамыту. Президент «Халықтық құрылыс» бастамасына тоқталып, 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсыныс білдірген болатын. Осы орайда аудан басшысы Қордай ауданында жүзеге асырылып жатқан құрылыс және жаңғырту жұмыстарына тоқталып, алдағы жоспарларды нақтылаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде аудан аумағында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Сарыбұлақ ауылындағы ұзындығы 18,8 шақырымды құрайтын «Благовещенский» егістік алқаптарын суару каналы қайта жаңғыртылуда. Бұл жоба ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз етуге, суару жүйесінің тиімділігін арттыруға және егіншілік саласының дамуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Гвардейск, Қарасай батыр және Күнбатыс-2 елді мекендерінде ауызсу құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Қордай ауылында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Достық» үйінің құрылысы басталды. Ал Үлкен Сұлутөр ауылындағы спорт кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. Аталған жобалар ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Дегенмен алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың ауқымын кеңейту үшін аудан аумағындағы барлық инфрақұрылым нысандарына кешенді талдау жүргізу қажеттігі айтылды. Осыған байланысты мектептер, медициналық мекемелер, мәдениет және спорт нысандары, тұрғын үйлер, ауызсу жүйелері, электр желілері мен автомобиль жолдарының қазіргі жағдайын зерделеп, жөндеуді немесе жаңғыртуды қажет ететін нысандардың нақты тізбесін қалыптастыру міндеті қойылды. Құрылыс және жол саласына қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Аудан басшысы Бегзат Сейсенқұлұлы жөндеуді қажет ететін нысандар мен жол учаскелерін алдын ала анықтап, әрбір жобаның қажеттілігі мен тиімділігіне жан-жақты негіздеме әзірлеу керектігін айтты. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету, белгіленген мерзімдердің сақталуы және мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыру мәселелері тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін ескертті. Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту да күн тәртібінен түскен жоқ. Ауызсу, электр энергиясы және жылумен қамтамасыз ету мәселелерін жүйелі түрде шешу, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру қажеттігі атап өтілді. Әсіресе қысқы жылыту маусымында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылумен үздіксіз қамтамасыз етілуіне баса мән беру керектігі айтылды. Бұл бағытта жауапты мекемелер алдын алу жұмыстарын уақытылы жүргізіп, ықтимал мәселелердің туындауына жол бермеуі қажет. Аудан экономикасының маңызды тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі де кеңінен қозғалды. Қордай ауданы үшін егін және мал шаруашылығының маңызы зор екенін ескерген аудан әкімі су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, суару жүйелерін жаңғырту және шаруа қожалықтарын қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырумен қатар, өндірілген өнімді өңдеу мен өткізу мүмкіндіктерін де зерделеу қажеттігі айтылды. Инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытында да нақты міндеттер белгіленді. Ауданға жаңа инвестициялық жобаларды тарту, өндіріс орындарын ашу, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру мәселелері күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындалды. Осы ретте ауылдық округ әкімдеріне өз аумақтарындағы кәсіпкерлік мүмкіндіктерді зерделеп, инвестиция салуға қолайлы бағыттарды анықтау тапсырылды. Әрбір елді мекеннің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік мол екені атап өтілді. Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігі айтылды. Жауапты бөлім басшыларына өздеріне қарасты мекемелердің жай-күйіне талдау жасап, жөндеу, жаңғырту және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеттелді. Аудан әкімі ауылдық округ әкімдерінің тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, елді мекендердегі өзекті мәселелерді уақытылы анықтап, олардың шешілуіне ықпал етуі керектігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әрбір басшы өз саласындағы жағдайды жетік біліп, туындаған мәселелерді жоғарыдан тапсырма күтпей-ақ зерделеп, нақты шешу жолдарын ұсынуы тиіс. Өйткені ауданның дамуы әрбір саладағы жұмыстың жүйелі ұйымдастырылуына және жауапты тұлғалардың өз міндетіне деген көзқарасына тікелей байланысты.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ