Қордай ауданындағы спорт кешенінде Республика күніне орай ұйымдастырылған жасөспірімдер (ұлдар мен қыздар) және кадеттер арасындағы фулл-контакт каратэ-додан «Жас батыр» атты ашық аудандық турнир жоғары деңгейде өтті.
Бұл спорттық шараға Қазақстанның бірнеше өңірінен және Қырғыз Республикасынан келген командалар қатысып, жас спортшылар өзара шеберлік пен қайсарлықты сынға салды. Турнирдің басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, достық қарым-қатынасты нығайту және жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Салтанатты ашылу рәсімінде қонақтар мен спортшыларға ақжарма тілектер айтылды. Ұйымдастырушылар Қордай ауданында киокушинкай фулл-контакт каратэсының соңғы он төрт жыл ішінде қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Бұл спорт түрінің аудан көлемінде қалыптасуына және өркендеуіне жергілікті әкімдіктің қолдауы зор ықпал еткені айтылды. Сондай-ақ қара белбеудің 5-дан иегері, Қазақстан Республикасының спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші, федерация жетекшісі Рамазан Мәженовтің еңбегі ерекше аталып өтті. Оның жетекшілігімен Қордай спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, ауданның абыройын асқақтатып келеді. Турнир барысында татамиге тоғыз команда сап түзеп шықты. Жарысқа Қырғыз Республикасынан үш команда қатысса, Қазақстан атынан Астана, Алматы, Қызылорда, Тараз қалаларының, Жетісу облысының, Алматы облысының Қаскелең және Талғар қалаларының, сондай-ақ Қордай ауданының құрамалары өнер көрсетті. Әр команда жеңіске деген жігерін көрсетіп, спорттық рухтың жарқын үлгісін паш етті. Спорттық жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалып, барлық қатысушылар ел рәміздеріне құрмет көрсетті. Одан кейін Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол мұндай жарыстардың жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке және жеңіске ұмтылуға тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар спорттың қоғамдағы рөлін күшейтіп, жастарды зиянды әдеттерден алшақтатудағы ықпалы ерекше екеніне тоқталды. Шара аясында спорт саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Нұрболат Ақынғалиұлы құрметті қонақтарға марапаттар табыстаса, кейіннен «Әділет» партиясының Қордай аудандық филиалының атынан арнайы естелік сыйлықтар ұсынылды. Қырғыз Республикасы мен Қазақстаннан келген федерация өкілдері көпжылдық еңбектері үшін құрметке ие болды. Бұл рәсім екі елдің спорт мамандары арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықтың айқын көрінісіне айналды.
Жарыстың негізгі бөлігінде барлық салмақ дәрежелері бойынша тартысты кездесулер өтті. Әр белдесуде жас спортшылар төзімділік пен ерік-жігердің, техника мен тактиканың жоғары деңгейін көрсетті. «Жас батыр» ашық турнирі жас спортшылар үшін тәжірибе алмасудың ғана емес, достық пен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ