Соңғы жылдары Қордай ауданында жүзеге асырылған жобалардың арқасында ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті едәуір жоғарылаған. Оған облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте көзіміз жетті.
Қордай ауданының 2025 жылға дейінгі даму жоспары жан-жақты талқыланған жиында алдын ала дайындалған слайдта көрсетілгендей, өңір экономикасының көрсеткіші көз қуантарлық. Дегенмен әлі де шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес екен.
Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев өз баяндамасында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен 2025 жылға дейін жасалған жоспарында барлық салаға жеке-жеке тоқталып, талдап өтті. Оның айтуынша, ауданда 13917 адам жер телімін алуға кезекке тұрған екен. Ал тұрғын үй кезегінде 2235 адам бар. Тұрғын үй кезегін азайту үшін бүгінгі таңда 6 көпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізу керектігі айтылды. Сол үйлерге облыс бюджетінен қаржы қаралса, 340 пәтердің мәселесі шешілгелі тұрғанын жеткізді. Бұдан бөлек, жөндеуді қажет ететін тағы жеті көпқабатты үй бар.
– Біздің алдымызға қойылып отырған жоспарлар ауқымды. Алдағы үш жылда ауданда тұрғын үй кезегін шешу үшін 17 көпқабатты тұрғын үй салу қажет. Сонымен қатар «Асар» жобасы аясында 45 отбасын тұрғын үймен қамту көзделген. Жылда 15 үйден салып, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына қуаныш сыйлаудамыз. Биыл осы жоба аясында 14 үй салынатын болады. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 84 жас маманды тұрғын үймен қамту көзделген. Жер телімін беру бойынша мәселе бар. Атап айтсақ, бұған дейін берілген жер телімдеріне тұрғын үй салынбауда. Мемлекеттік Заң талаптарына сай үш жыл көлемінде баспана тұрғызылмаған жер телімдерін заң аясында қайтарып алу жолдарын алдағы уақытта қарастыратын боламыз. Сөйтіп, ол жер телімдерін кезекте тұрған өзге азаматтарға беру ойда бар, – деді аудан әкімі.
Қордайда қолға алынған шағын құс фабрикаларының жұмысы барлығының таңданысын тудырды. Аудан әкімдігі мұндай шағын құс фабрикаларын әрбір ауылдық округте ашуда екен. Аймақ басшысы қордайлықтардың бұл бастамасына қолдау білдірді.
– Аймақта тауық еті және жұмыртқа өндірісі жақсы жолға қойылып келеді. Бұл жобалар Байзақ пен Жамбыл аудандарында өз нәтижесін беруде. Олардың қатарына енді Қордай ауданы қосылуда. Қордайдың тәжірибесін алдағы уақытта жан-жақты зерделеп, басқа аудандарға да енгізген жөн. Осылайша өзіміздің ауыл шаруашылығы өнімімен қатар нарығымызды құс еті және тауық жұмыртқасымен қамтуға мүмкіндік аламыз, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Аймақ басшысы инвесторларды тарта отырып, шағын жобалардың жүзеге асырылуына көбірек мән беру керектігін айтып, бірқатар тапсырмаларды қайтара пысықтап шықты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудан әкімі Мәден Мұсаевқа қадау-қадау тапсырмалар мен міндеттер жүктеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруді тапсырды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ