Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!
Құрметті жерлестер!
Сіздерді қастерлі мереке – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әлемді шарпыған сұрапыл соғыс талайлаған жүректерге сызат түсірді. Сан мыңдаған боздақтар Отан үшін өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, жан алысып, жан берісті. Қаншама елім деген ерлер ұрыс даласында жер жастанды.
Киелі Қордай жерінен Ұлы Отан соғысына oн бір мыңға жуық ер-азамат аттанып, туған жерін жаудан азат етуге қатысты. Майдан даласынан елге аман қайтқан жауынгерлер түрлі салада қызмет етіп, майдандағы ерлік істерін бейбіт күндегі адал еңбектерімен жалғастырып, елге өлшеусіз қызмет етті.
Ұрыс даласынан оралмаған батыр жерлестеріміздің есімі мәңгі ұмытылмай ел есінде қалса, осы күнге жеткен қазыналы қарттарымыз, ардагерлеріміз әрқашан мемлекеттің ерекше қамқорлығында болмақ. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау алдағы уақытта да өзінің заңды жалғасын табады.
Осындай батыр бабалары мен ержүрек батырлары бар қазақ елі бүгінгі таңда бейбітшілік пен татулықтың алтын ордасына айналып, бірлікте өмір сүруде. Біздің бүгінгі жеткен әрбір жетістігіміз достығы мен ынтымағы жарасқан көпұлтты мемлекетіміздің татулығы мен бірлігінде жатыр. Сондықтан осындай еліміздің ертеңі мен тірегі – жастарымыз достық пен бірлік атты бағалы байлығымызды жоғалтпай, батыр бабалардың ізін жалғастырады деген сенім мол.
Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіздің, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы бейбіт күнде өмір сүруде.
Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Одан кейінгі бейбіт күнде де еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек еттіңіздер.
Жеңіс күні көңілдеріңіз нұрлы шуағын шашып, жарқын қуаныштарға толы болсын! Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктеріне куә бола беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
АУДАН ӘКІМІ М.МҰСАЕВТЫҢ 9 МАМЫР – ЖЕҢІС КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ
Next Post