Қордай аудандық Мәдениет үйінде 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай жастар арасында аудандық жайдарман ойыны өткізілді. Көңілді кеш студенттердің шығармашылық қабілетін, сахнадағы тапқырлығын, әзілге деген шеберлігін және командалық үйлесімділігін танытқан жарқын шараға айналды.
Аудан жастарының басын қосқан сайысқа аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл қатысып, студенттерге қолдау білдірді. Жайдарман сайысына ауданның төрт колледжінен келген командалар қатысып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қатысушылар «Сәлемдесу», «Биатлон» және «Капитан сайысы» кезеңдерінде бақ сынап, әзіл мен ұшқыр ойдың, сахналық шеберлік пен тапқырлықтың үлгісін көрсетті. Әр команда өз өнерін ерекше форматта ұсынып, күнделікті өмірдегі түрлі мәселелерді әзіл арқылы жеткізе білді. Сахнадағы еркіндік, жастардың креативтілігі мен бір-біріне деген қолдауы сайыстың көркін қыздыра түсті. Кештің сәнін Тараз қаласынан арнайы келген «Тараз 2004» және «Әуесқой» командаларының өнері аша түсті. Қонақ командалар өздерінің әзілдерімен көрермен көңілінен шығып, ойынның тартымдылығын арттырды. Олардың сахнадағы қойылымдары мен ерекше әзілдері кешке өзгеше серпін беріп, жайдармансүйер қауымға ұмытылмас әсер сыйлады. Сайыс қорытындысы бойынша І орын «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің командасына бұйырды. ІІ орынды №7 Бетқайнар колледжі иеленсе, ІІІ орын Қордай гуманитарлық-экономикалық колледжінің командасына берілді. Сонымен қатар «Ноғайбай жастары» командасының жанкүйерлері «Үздік жанкүйер» номинациясы бойынша І орынға ие болып, өз командаларына деген ерекше қолдауымен көзге түсті.
Бұл жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың белсенділігін арттыруға және ортақ мақсат жолында бірігуіне ықпал ететін маңызды мәдени шара болды. Осындай басқосулар жастар арасында достық пен бірлікті нығайтып, жаңа таланттардың танылуына жол ашады. Көңілді кеш қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, студенттік өмірдің жарқын сәттерін айшықтай түсті.