ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛДАУЫ МАҢЫЗДЫ

0

Күні кеше облыс орталығынан Амангелді Карентаев, Еркімбек Солтыбаев, Жаңабай Миллионов және Алпамыс Қазыбаев бастаған Референдумды қолдау жөніндегі Жамбыл облыстық қоғамдық штаб мүшелері Қордай ауданына жұмыс сапарымен келді. Мұндағы мақсат Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан-Жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған Ата заңымызға өзгеріс енгізу барысында өткізілетін Рефендумды халыққа кеңінен түсіндіру болды.

Облыстық штаб мүшелері алдымен аудандық мәдениет үйінде болып, онда аудандық штаб мүшелерімен кездесу өткізді. Аталмыш жиынға төрағалық еткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық штаб мүшесі Біржан Әлімбет қонақтарды таныстырып, олардың келген мақсатын айтып өтті. Айта кетсек, жиынға аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестік жетекшілері, аудан жастары мен аудандағы Рефендумды қолдау жөніндегі штаб мүшелері қатысты. Облыстан келген азаматтар 5 маусым күні өтетін жалпыхалықтық референдумның мақсаты мен маңызына тоқталып өтті. Штаб мүшелері рефендум арқылы мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа моделіне көшудің оңтайлы тұстарына тоқталып, қатысушыларды өз азаматтық ұстанымын білдіру мақсатында Рефендумға бір кісідей қатысып, өзге тұрғындарды да белсенділік танытуға үндеу жолында бірлесе күш жұмылдыруға, азаматтардың игілігі үшін жасалып жатқан оң өзгерістерді қолдауға шақырды.
«Президент беріп отырған еркіндік пен мүмкіндікті мүлт жібермей, Ата заңымыздың 33 бабына енгізілетін өзгерістер жайлы әрқайсымыз өз көзқарасымызды білдірейік», — деген Амангелді Карентаев бұл өзгерістердің оңды екеніне сенім білдірді.
Түсіндіру жұмыстарынан кейін облыстық топ мүшелері қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, Степное ауылына жол тартты. Онда әр көшеге аялдаған штаб өкілдері тұрғындармен жекелей кездесу ұйымдастырды. Бірқатар үйде болып, маусым айында өтетін жалпыхалықтық Референдумның мән-маңызына айрықша тоқталып, оның еліміз үшін ерекше оқиға екенін түсіндіріп, халықты өз ойын білдіруге шақырды. Дәл осындай кездесу Жамбыл ауылдық мәдениет үйінде өтті. Мұнда да тұрғындар Рефендум жайында тың мәліметтерге қанық болып, оның өткізілетінін қолдайтындарын жеткізді. Түс ауа қонақтар «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филалының мәжіліс залында азаматтарымен кездесті.
«Алдағы өтетін жалпыхалықтық Рефендумға бір кісідей атсалысып, қолдау көрсететін болсақ сонда еліміздің демократия мен заң үстемдігін күшейтуге қарапайым жұрт ретінде өз үлесімізді қосқан болар едік», — деген Еркімбек Солтыбаев барша қордайлықтарды белсенді болуға шақырды.
Осындай маңызды жиынның бірі аудандық «Қордай шамшырағы-Кордайский маяк» газетінің ғимаратында да өтті. Кездесу барысында штаб мүшелері – «Ғұмыр Дария» газетінің директоры Жаңабай Миллионов, «Талдау» әлеуметтік зерттеу орталығының директоры Бахыт Темірханұлы, «Aulieata-media» ЖШС директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев журналистер қауымымен маңызы зор саяси науқанды талқылап, пікір алмасты. Емен-жарқын өткен басқосуда облыс орталығынан арнайы ат басын бұрған жұмысшы топ Конституцияға енгізілетін түзету бүкіл азаматтық қоғамның сұранысына сай негізделген үлкен реформа екендігін айтып, оны халыққа насихаттауда БАҚ өкілдеріне жүктелген жауапкершіліктің мол екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ауданның бас басылымына оң бағаларын беріп, редакция ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.