Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер азаматтың қасиетті парызы. Себебі, туған жерді, елді қорғау- жүрегі елім деп соққан ерлерге жүктелген абыройлы міндет. Жыл сайын көктемгі және күзгі шақыру науқандарында ауданымыздан жүздеген жас сарбаз айбынды әскер қатарына қабылданып, халқына, өзінің әскери борышына адалдығын дәлелдейді.
Осыған орай сейсенбі күні Қордай ауданындағы «Береке» гуманитарлық- техникалық колледжінде құқықтану мамандығы студенттерінің қатысуымен «Жас сарбаз» атты іс-шара өтті. Білім ордасынан әскерге аттанып бара жатқан жігіттерге сәт-сапар тілеу мақсатында ұйымдастырылған шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің Жамбыл облысы Қордай ауданының Қорғаныс Істері жөніндегі бөлімінің басшысы Нұржан Мелдебеков, учаскелік инспектор, полиция капитаны Габиль Гусейнов, сондай-ақ студенттердің ата-аналары қатысты. Жиын барысында сөз алған колледж директоры Аида Намазова студенттерге ізгі тілегін жеткізіп, болашақ жауынгерлерге ақ жол тіледі: «Әскер жігіттерден нағыз ерлерді шығаратыны рас. Әрине, әр ата-ана перзентін көзден таса қылғысы келмейді, ол үшін уайымдайды. Дегенмен әскер ер-азаматты физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да шынықтыратын мекен екені сөзсіз. Сондықтан сіздерге тек сәттілік, Отан алдындағы міндеттеріңізді абыроймен атқаруларыңызды тілейміз!»,– деді Аида Омарқұлқызы.
Ақ жол, жас сарбаз!
Prev Post
Next Post