23 маусым күні елімізде полицейлер кәсіби мерекелерін атап өтеді. Ел тыныштығын сақтап, қоғамдық тәртіпті қадағалауды өмірінің басты мақсаты етіп таңдаған азаматтар қызметінің қиындығына қарамастан адал атқарып, тұрғындардың тыныш ұйқысын қорғап келеді. Тіпті, осындай қауіп-қатері мол жұмыста отбасымен еңбек ететіндер бар. Бүгін солар турасында аз-кем сөз етсек.
Ильясовтар отбасы қордайлық полицияның белді өкілдері саналады. Күйеуі Ноғайбек Степной ауылдық округінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны. Ал, жұбайы Балжан Шәуе Қордай ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының кәмелеттік жасқа толмағандардың учаскелік полиция инспекторы. Бұл отбасының құрылуы осы мамандықтың тікелей әсерінен болғанын айтады олар. Бір салада жұмыс істеген екі жас бірден тіл табысып, жарасып, көп ұзамай шаңырақ көтеріп, отау құрды.
Отағасы Ноғайбектің айтуынша бала кезінен әскери форма, қару-жараққа деген қызығушылығы жоғары болыпты. Үлкен аталары Ресей империясының әскерінде полковник шеніндегі офицер болған екен, сол бабасының суретіне қарап өскен бала, өзінің әскери адам болатынына нық сенімді еді. Кішкентайынан спортпен шұғылданып, әрқашан қарулы, күшті жігіт болуға тырысқан. Әскери борышын өтеп, Бішкек қаласындағы Ішкі істер министрлігінің академиясын тәмамдаған Ноғайбек Ильясов 3 жыл шекара қызметінде келісім-шарт бойынша шекарашы болып қызмет атқарып та үлгерді. Келісім шарт уақыты біткен соң, полиция қызметіне ауысып, Алматы қаласы Әуезов ауданының ішкі істер полиция басқармасында 4 жыл жұмыс істеп, туған жері Қордайға ауысып, содан бері өзінің учаскесінде тәртіп қадағалап жүр. Былтыр облыстық «Үздік полицей» жарысын жеңіп алғандығынан-ақ оның өз жұмысына деген адалдығын аңғаруға болады. «Біздің жұмысқа кез-келген адам шыдай бермейді. Тәртіп, шыдамдылық, мінез болу керек. Байқауым бойынша әкесінің қатал тәрбиесін алған жігіттер осы жұмыста төзімдірек болып келеді. Психологиялық жағынан да төзімділік қажет. Көп жағдайда біз ішіп алған, нашақор адамдармен, қылмыскерлермен жұмыс істейміз. Барлығын топырлатып күшпен алмайсың ғой. Сөзбен, ақылмен әсер ету керек. Күш қолдану ең соңғы шара болуы тиіс. Сондықтан бір жағынан психолог болуың да керек», — дейді кейіпкеріміз.
Жұбайы Балжан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. Қазіргі таңда жасөспірімдермен жұмыс істеуде. Балжанның мамандық таңдауда әкесі жол сілтегенін айтады. Әкесі өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет еткен адам. Оның жолын қуған қызы қазіргі таңда жасөспірімдерді тура жолға қою, тәрбиелеу жұмысымен айналысуда. «Баланы жастайынан тәрбиелеу, дұрыс жолға қою, адамның болашақ өміріне орасан зор әсер етеді. Сондықтан осы жұмыстың маңыздылығы өте жоғары. Психологиялық тұрғыда бала жүрегіне жол таба білген жөн. Бала деген жас ағаш сияқты ғой, қисық өсіп бара жатса түзеуге болады», — дейді Балжан Ниетқызы. Балалармен дұрыс қарым-қатынас орнату, тілін таба білу Балжанның жұмысындағы аса маңызды факторлардың бірі.
Жалпы Ильясовтардың отбасында өз мамандықтарына деген құрмет сезіліп тұр. Жас жұбайлар өз жұмысының нағыз жанкүйері десе болады. Түн ортасында тұрып, кезекшілікке кету, оқыс оқиғалар болған кезде күн-түн демей бірден бару бұл отбасыда үйреншікті жәйт.
Құқық қорғау саласында бірі ата жолын, екіншісі әке жолын қуып, елге қалтқысыз еңбек етіп жүрген отбасына амандық пен қызметте табыс тілейміз.
ПОЛИЦЕЙЛЕР ОТБАСЫ
Prev Post