Биыл «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газетінің жарық көргеніне 90 жыл толады. Бұл аз уақыт емес. Осы аралықта «Қордай шамшырағының» беделі артып, оқырмандардың сүйіспеншілігіне ие болды. Мұның арғы жағында білікті мамандардың еңбегі жатыр. Журналистика саласының майталмандары салған күре жолды кейінгі буын лайықты жалғастырды десек болады. Осы қара шаңырақтан қаншама мықты жазушылар мен журналистер, қоғам қайтаркерлері түлеп ұшты. Олар ұзақ жылдар бойы газеттің өзіндік стилін қалыптастыру үшін аянбай еңбек етті.
Біз басылымның іргетасын қалаған азаматтарды мақтан тұтамыз, олардың есімдері газет беттерінде ғана емес, жалпы аудан
тарихында алтын әріппен жазылуы тиіс деген сенімдеміз.
Аға буынның бізге қалдырған мұрасын арттырып, аудандық басылымның дамуына үлес қосу міндеті қазіргі ұжымның иығына артылып отыр. Соңғы жылдары аудандық басылымдарға түскен ауыртпалықтарға қарамастан «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе еңбек еткен «Шамшырақ» ұжымы барлық кедергілерді жеңіп, болашаққа нық қадам басып келеді.
Газеттің алғашқы нөмірлерін жасаған жандардың еңбегінің бүгінгі тілшілердің жұмысынан көп айырмасы жоқ. «Бригада» газетінің бірінші саны мен кеше жарық көрген «Қордай шамшырағының» міндеті бір – оқырман мүддесіне қызмет ету.
Аудандық газетті әр отбасы асыға күтеді, сіздердің бізге сенім білдіргендеріңіз біз үшін мақтаныш, сонымен бірге үлкен жауапкершілік жүктейтіні айқын.
Бүгін «Шамшырақ» тілшілерінің алдына қойылған міндеттің жүгі ауыр, себебі олар кезекті шығарылымға ғана емес, бүкіл ауданның ақпараттық кеңістігіне жауапты.
Ұсынылған мақалалардың сапасымен қатар, біз тақырыптың өзекті болуына аса мән береміз. Басылым тілшілері газетпен қатар телеарнаға арналған жаңалықтарды әзірлеуде тамаша жетістіктерге жетіп отыр. Ауданымыз жайлы түсірілген әрбір бейнесюжет пен бейнебаян аудандық басылымның шығармашылық ұжымы даярлаған өнім екенін айтқымыз келеді. Сондай-ақ, интернет-кеңістігінен орын алуы үшін де ауқымды жұмыс атқарылады. Редакцияның әр қызметкері уақытпен санаспай күні-түні жұмыс жасайды. Шұғыл шығарылым, түнгі рейд, оқиға орнынан дайындалған репортаж, мәтінді шұғыл аудару, оған түзету енгізу сынды түн ортасына дейін жалғасатын жұмыс ұжымымызды шыңдап, бірлігіміздің артуына, ақпараттың сапалы болуына септігін тигізіп келеді. Редакция жұмысы уақытпен ешқашан санаспаған. Мұнда жұмыс реті мүлдем басқаша өрбиді. Газет қызметкерлері шығарылымнан шығарылымға бағдар алып, аптаны жарық көрген газет санымен санаса, жылды соңғы шығарылыммен аяқтайды. Бұл біздің жұмыстың бір ерекшілігі. Күтпеген жерге келіп, бейтаныс жанды әңгімеге тарту да оңай шаруа емес. Дегенмен журналистер діттеген ісін қашан да соңына жеткізеді. Біздің сіздермен бірге алатын асуымыз, жететін белесіміз әлі де алда деп ойлаймыз. Біздің әрбір жетістігіміз – оқырман қолдауының нәтижесі. Алдыңғы буын салып кеткен сара жолды абыроймен жалғастыратынымызға сенеміз. «Қордай шамшырағы» атты ғажап әлем оқырманын таңдандырудан жалықпайды. Қарапайым шаруадан бастап, ел басқарып жүрген жандар туралы шынайы жеткізетін, елімізде, аймағымызда, ауданымызда орын алып жатқан түрлі жаңалықтар мен оқиғаларды сапалы жеткізу қашанда «Шамшырақ» ұжымының басымдық беретін ісі. Тоқсан жылдық тарихы бар газет ұжымы барлық әріптестерін алда келе жатқан төл мерекемен құттықтайды. Шығармашылық шабыттарыңыз шалқысын, қанаттарыңыз талмасын, дегіміз келеді.
«Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газетінің ұжымы