СЫН САҒАТТА ЕРЛІК КӨРСЕТКЕН ҚҰТҚАРУШЫЛАР

0

Олар туралы аңыз айтылмайды, фильм түсірілмейді. Олар – өмір мен өлім қатар келген қасқағым сәтте қырағылық танытып, өз басын қатерге тігетін антына адал жандар. Олар – бүгінгінің батырлары.

23 маусым күні Шарбақты және Ноғайбай ауылдарында нөсер жаңбыр салдарынан сел жүргені баршаға мәлім. Мен сол күні жағдайды білу үшін Шарбақты ауылына жол тарттым. Бірақ Шарбақтыға барар жол шайылып кеткендіктен Ноғайбай ауылына қайтып келіп, күтуге тура келді.
Біраз уақыттан кейін аудандық ТЖ қызметкерлері келіп жетті. Сел жүрген жерде демалысқа келген бір топ адам қалып қалған екен. Бұршақ аралас жауын тоқтамағандықтан апатты жағдай орын алған жерге тау арқылы жетуге шұғыл шешім қабылданды. Мен жолсерік ретінде ТЖ қызметкері, жүргізуші Жігер Ботабайға жол көрсетіп отырдым. Осы ретте бұл қызметкердің кәсіпқойлығы жөнінде айта кеткен жөн. Жолдың тайғақтығына, нөсер жаңбырға қарамастан ол алға қойылған міндетті ойдағыдай орындап шығып, өзінің және арнайы топ мүшелері өмірлерін қатерге тігіп, арғы бетке жетті. Көлік тайғанап, жардың шетімен, таудағы қиын жолмен жүріп бара жатқанда балалардың қобалжып отырғандарын байқадым. Себебі олар өмірді жаңадан бастап келе жатқан жастар, үйлерінде туған-туыстары, бала-шағалары күтіп отыр…
Ақтасты карьеріне жеткенде, бір топ адамды көрдік. Бесеуі көлік ішінде, біреуі ағашта отыр екен. Бірақ оларға жетудің өзі қиынға соқты. Себебі ол жерге шамамен тіп-тік 50 м биіктіктен түсу керек болды. Сол биіктіктен біз төмен түстік. Көліктің жан-жағында су тасып жатты. Құтқарушылар мен көліктің арасы да аз емес. Дегенмен, құтқарушылар сасқан жоқ. Ең бірінші болып мұздай суық суға Ұлан Әзімбек түсті. Бұл жігіттің де сын сағатта көрсеткен ерен ерлігін ерекше айтқым келеді. Қазіргі таңда, әсіресе, жастардың арасында өз өмірлерін қатерге тігетін, ержүрек, қайсар азаматтардың табылуы екіталай. Десек те, арамызда қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге баратын жігіттер баршылық. Адамдарды құтқару операциясы сәтті өтті. Шапшаң қимылдап, жұмыстарын ойдағыдай орындап шықты. Қиын сәтте сарқыраған судан әріптестеріне көмек көрсетіп, ерлік танытқан Әлімжан Қонақбаевтың да батылдығы өз алдына .
Құтқарушылар селдің ортасында қалған адамдардың әрқайсысын жіппен байлап, арғы бетке алып шығып, киімдері су болып, тоңып қалған оларға үстілеріндегі күртешелерін кигізіп, таудың үстінде тұрған көлікке дейін көтеріп шықты.
Осы орайда Қанат Иманқұлов, Олжас Жұматаев, Жігер Ботабай, Әлімжан Қонақбаев, Ұлан Әзімбек, Мақсат Бигельдиевтерге айтар алғысым зор, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Жарайсыңдар, жігіттер! Осындай ержүректі, қайсар жігіттерді көргенде жаңа Қазақстанға сенемін! Дәл осындай жастар жаңа Қазақстанды, жаңа қоғамды құрмақ!

Талғат Сәрсембаев,
«AMANAT» партиясынан аудандық мәслихат депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.