Дүйсенбі күні аудан басшысы Мәден Мұсаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібіне төрт сұрақ шығарылып, талқыға түсті. Аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдерінің басын қосқан келелі жиында алдымен ауданымыздағы коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша мәселе қаралды.
КВИ-дың алдын алу мәселелері туралы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова баяндама жасады. Бас дәрігер ағымдағы жылдың 25 шілдесіне аудан аумағында СOVID-19 індетінің 2337 жағдайы тіркелгенін айтып, қазірге дейін 2 321 азамат сауығып шыққанын, соңғы тәулікте 4 адамнан індет анықталғанын айтты.
— Аудандық орталық ауруханада 30 инфекциялық, 3 реанимациялық төсек-орын дайындалды. Қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылғандар жоқ. Дәрі-дәрмектермен және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету бойынша ауданда бүгінгі таңда 3 айлық дәрі-дәрмектер қоры бар, сондай –ақ амбулаториялық деңгейде дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар, — деді баяндамашы.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлзия Нұрмахамбетова өз тараптары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Осы орайда Мәден Тоқтарбайұлы ауданда қауіпті індеттің таралмауын қатаң қадағалап, алдын алу жұмыстарына аса мән беру керектігін ескертті.
Келесі кезекте 2022 жылдың қаңтар-маусым айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиева баяндама жасады. Баяндамашының мәліметіне сәйкес қаңтар-маусым айларының қорытындысымен экономикалық өсім 121,8%-ды құраған. Өнеркәсіп кәсіпорындары өнім өндіру болжамда немесе нақты көлем индексі 102% құрап, ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 14968,1 млн.теңге болған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі де артқан. Құрылыс, көтерме сауда айналымында да ілгерушілік бар. Ауданда құқық бұзушылық 14,8 пайызға төмендегенімен, жол-көлік оқиғалары саны былтырғымен салыстырғанда арта түскен.
Аудан басшысы алты айда жеткен жетістіктерге мардымсымай, жұмысты жандандыру қажеттігін айтты, сонымен бірге орындалмай жатқан кейбір пунктілерге аса мән беруге шақырды.
Осыдан кейін елді мекендерді тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы «Қордай су» КМК-ң басшысы Қайрат Маметов, аудандағы құрылыс жұмыстарының барысы туралы аудан әкімінің орынбасары Елдос Нұралиев баяндама жасады. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың ең алдымен сапасына мән беру, жұмыс барысын үнемі бақылауда ұстау туралы бірқатар тапсырма берді Мәден Тоқтарбайұлы.
Аппараттық кеңес барысында Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасы, «Асарлатып үй салу» жобасының барысы, тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орындарға жер қарастыру, бейресми жұмыс істеп жүрген тұлғаларды анықтау, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы, қаржы игеру мәселесі, азық-түлік тауарларының бағасы туралы және тағы да басқа мәселелер қаралып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.
Ж.ОМАРОВ