Осыдан дәл 30 жыл бұрын, яғни 1992 жылдың 25 шілдесінде Испанияның Барселона қаласында XXV жазғы Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Дүбірлі додада 169 мемлекеттен келген 9 356 саңлақ сайысқа түсіп, олар 32 спорт түрі бойынша 257 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Жарыстың ашылу салтанаты Каталониядағы Монтжуик жотасында орналасқан, қыршынынан қиылған ірі саяси тұлға Льюис Компанистің есімі берілген ғаламат олимпиадалық стадионда өтті.
Төрт жылда бір өтетін аталған жарыстың өзіндік ерекшеліктері де аз болған жоқ. Мәселен, ұзақ жылдар бойы Олимпия ойындарының алдыңғы легінде жүрген КСРО келмеске кетіп, Кеңес Одағы құрамында болған бұрынғы бауырлас 12 республика ТМД-ның туы астында өнер көрсетті. Ал Балтық жағалауында орналасқан Литва, Латвия және Эстония дербес команда жасақтауды жөн көрді. Сол секілді Югославиядан бөлініп шыққан Хорватия, Словения және Босния мен Герцеговина да тәуелсіз елдің өрендері ретінде жарыс жолына шықты. 28 жылға созылған шектеуден кейін ОАР ғаламдық додада қайта бақ сынау құрметіне ие болды. Кезінде ГФР мен ГДР болып бөлінген немістер тұтас Германияның туы астына бірікті.
XXV жазғы Олимпиадада алғаш рет бадминтон, бейсбол және әйелдер дзюдосынан жарыстар өтіп, түрлі-түсті медальдар сарапқа салынды. 20 жылдық үзілістен кейін ескек слаломы ойындардың бағдарламасына қайта қосылды. Бакстардың пелотасы, валенсиялықтардың пелотасы, ролликтік хоккей және таэквондодан көрсетілім сайыстары ұйымдастырылды. Барселонада алғаш рет Ұлттық баскетбол қауымдастығының (ҰБЛ) өкілдері өнер көрсетті. Кілең жұлдыздардан жасақталған АҚШ құрамасы бірден «Dream Team» («Арман команда») деген атауға ие болды.
Барселона Олимпиадасының жалпыкомандалық есебінде ТМД құрамасы теңдессіз деп танылды. Олар 112 (45 алтын+38 күміс+29 қола) жүлдеге қол жеткізді. Екінші орында – АҚШ спортшылары. Америкалықтар 108 (37+34+37) медальді иеленді. Үшінші сатыға Германия табан тіреді. Немістер 82 (33+21+28) жүлде олжалады. Сондай-ақ ТОП-10 командалардың қатарына Қытай (16+22+16), Куба (14+6+11), Испания (13+7+2), Оңтүстік Корея (12+5+12), Мажарстан (11+12+7), Франция (8+5+16) және Аустралияның (7+9+11) өрендері енді. Барселонада барлығы 37 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 64 елдің туы биікте желбіреді. Алғаш рет дербес команда ретінде жарыс жолына шыққандар арасында ең елеулі табысқа Латвия қол жеткізді. Олар екі күміс пен бір қоланы еншіледі. Хорватия бір күміс пен екі қолаға қол созса, Словения қола медальді қоржынға салды.
Пиреней түбегінде теңдессіз деп танылған ТМД құрамасы сапында Қазақстанның да спортшылары жасындай жарқылдап, аталған команданың жалпы есепте көш бастауына сүбелі үлес қосты.
Волейболдан ТМД-ның әйелдер құрамасы Барселона Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Сол команда сапында Қазақстанның екі өкілі ойнады. Олар – Елена Чебукина мен Татьяна Меньшова. Елена Қарағанды облысындағы Балқаш қаласында туып-өсті. Алматының АДК клубы сапында ол КСРО чемпионатында топ жарып, алты рет жүлдегерлер (5 күміс+1 қола ) санатына қосылды. Еуропа чемпиондары кубогын олжалады. Одақ құрамасының сапында Сеул Олимпиадасында бас жүлдені иеленіп, әлем және құрлықтың үш дүркін чемпионы деген мәртебелі атаққа қол жеткізді.
Испаниядағы жарыста даңқты балуанымыз Дәулет Тұрлыханов қола медальді мойнына ілді. Классикалық күрестің хас шебері Семей өңірінде дүниеге келген. Барселонаға дейін де Тұрлыханов талай биік белесті бағындырды. Тарқатып айтсақ, ол КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 29 жастағы Дәулет Пиреней түбегінде 82 кило салмақтағы белді балуандардың біразын ұтқанымен, жартылай финалда Польшаның апайтөсі Петр Степиннен бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтылды. Ал қола медаль үшін тартыста даңқты балуанымыз швециялық Магнус Фредрикссоннан басым түсті. Тағы бірнеше спортшымыз сол Олимпия ойындарында бақ сынады. Жүлделі орындарға іліге алмағандар қатарында боксшы Аркадий Топаев пен Николай Кульпин, көгалдағы хоккейші Берікқазы Сексенбаев және тағы басқалар болды.
Жалпы Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылардың қатары қалың болуға тиіс еді. Мәселен, ТМД құрамасы сапында 48 кило салмақтағы Болат Жұмаділов пен 51 кило салмақтағы Болат Теміров те Барселонаға барды. Екеуі де нағыз бабында еді. Алайда жарыс басталар тұста олар басқа боксшылармен алмастырылды. Нәтижесінде, қандастарымыздың орнына шыққан Владимир Ганченко мен Антолий Филиппов алғашқы сынақтан-ақ сүрінді. Сол секілді КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы Есенкелді Батырғарин мен күміс жүлдегер Бақтияр Байсейітовті де Пиреней түбегіне апаруға болар еді. Бірақ сол кездегі содыр саясаттың салдарынан оларға Барселонада бақ сынау бақыты бұйырмады. Сол секілді Сеул Олимпиадасының жеңімпазы Анатолий Храпатый да дәл жалындап тұрған шағында ғаламдық додадан шет қалды.
Міне, 25 шілде мен 9 тамыз аралығында өткен Олимпия ойындары осындай оқиғалармен есте қалды. Одан кейін саяси аренада көптеген өзгеріс болды. Әлемдік картада жаңадан пайда болған мемлекеттер 1993 жылдан бері жарыстарға жеке команда болып қатыса бастады. Арада төрт жыл өткен соң Атлантада алауы тұтанған Олимпиадада Қазақстанның Әнұраны шырқалып, Туы көкте желбіреді.