«АҒАШ БІР ЖЕРДЕ КӨГЕРЕДІ»

0

Қазақ қашанда қарулыны – «алып», еңбекті – «қасиет» деп білген. Ал сол екі ұғым бір адамның бойынан табылса, ол – елге тірек, ортаға үлгі болатын ерекше тұлға. Біздің кейіпкеріміз – сондай жандардың бірі.

Жүз жылдық тарихы бар Әлжан ана ауылындағы №23 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебінің үнсіз еңбеккері Владимир Першинді – қара жұмыстың қайыспас шебері деуге болады. Көзге көп түсе бермейді, бірақ мектептің әр бұрышында оның қолтаңбасы бар. Сынғанды жамап, тозғанды жаңартып, білім ордасының тынысын үзбей тұрған да – осы азаматтың еңбегі.

Ұлты өзге болса да, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтың отбасы да қазақ тілін құрмет тұтады. Әлпештеп өсірген екі қызы қазақ тілін жетік меңгерген. Бүгінде қыздары қазақ азаматтарына тұрмысқа шығып, білім саласында еңбек етіп жүр. Бұл – оның кеңдігі мен елге деген ықыласының айқын көрінісі. Мектептегі жылу жүйесі бұзылса да, орындық сынып қалса да – бәрінің шешімі табылатын бір мекен бар, ол – Вова ағайдың қолы. Ерекше бір еңбегі – темірден түйген шаңырағы. Әр 1 мамыр – Бірлік күні мерекесінде биікке көтерілетін сол шаңырақ – жай ғана темір емес, ол – татулықтың, бірліктің, адал еңбектің символы.

Жасы ұлғайса да, жігері мұқалмаған. Спорттық жарыс-тарда қол күрестен мектеп намысын қорғап, талай рет жүлде алғаны – соның айғағы. Першин Владимир Викторович – атақ іздемейтін, бірақ еңбегімен биіктеген жан. Оның әрбір істеген ісі – үнсіз ерлік, маңдай тердің мөлдір көрінісі. Ол – 1966 жылы дүниеге келген, биыл 60 жасқа толып отыр. Кейіпкеріміз 30 жылға жуық мектеп қабырғасында аянбай еңбек етіп келе жатқан абзал жан. Қазақта «ағаш бір жерде көгереді» деген сөз бар. Кейіпкеріміз де жалақысына қарамастан, өз ісіне адал болып, еңбегін сүйіп келеді. Әріптестері оны тек білікті маман ретінде ғана емес, кең пейілді, сенімді дос, қиын сәтте жанынан табылатын нағыз азамат ретінде ерекше құрметтейді. Осындай қарапайым, бірақ қайсар адамдар барда қоғамның іргесі берік, болашағы нық болары сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.